Елорда жаңалықтары

Астанада басты жаңажылдық шыршаның шамы салтанатты түрде жағылды

Елордада «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда 25 метрлік жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Биылғы мерекенің символына айналар қаладағы ең биік ағаш Нұра ауданына қарасты Қабанбай батыр даңғылында орналасқан, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарықтандыру салтанатына орай жанды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концертте елорда тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры және би ұжымдары өнер көрсетті. Іс-шара барысында аниматорлар да мерекелік көңіл күй сыйлады. Ерекше сәтте тұрғындар ән айтып, би биледі.

Ал Жаңа жылдың символы – Аяз ата үйі айналаға ерекше атмосфера сыйлады. Тілектерді орындайтын үйшікте Аяз ата балаларға ата-аналардың сыйлықтарын үлестіріп, кішкентай тұрғындар мәз-мейрам болысты.

Қызығушылық танытқандар тақырыптық фотоаймақтарда, соның ішінде әйгілі Coca-Cola жүк көлігінде естелік суретке түсіп, жайлы павильондарда ыстық сусындар мен тәттілерден ләззат алды.

Ал аумақтағы жабық және ашық мұз айдындары, сонымен қатар экстремалды спорт әуесқойларына арналған ұзындығы 40 метрлік сырғанағы бар жаңа мерекелік орын қала тұрғындары мен қонақтарын қысқы ойын-сауықпен қуантты.

Нұра ауданының орталық саябағы келушілерді ұзындығы 290 метрлік мұз айдыны, сырғанақтармен құшағын айқара ашып, күтіп алды. Сонымен қатар, биіктігі 22 метрлік шыршаның шамы жарқ-жұрқ етіп жанып, әсем фотоаймақтар көріністі тамашаландардың жанын жадыратты.   

Осы аудандағы «Зеленый квартал» ТК маңында алғаш рет қысқы ойын-сауық орны жабдықталып, 2400 шаршы метрлік мұз айдыны, сырғанақтар мен тақырыптық архитектуралық формалар орналасқан қоғамдық кеңістіктің көпшіліктің көңілінен шығатынына күмән жоқ.  Ал аталған орынның ресми ашылуы 22 желтоқсан күні кешке өтпек. Мұндағы шыршаның ұзындығы - 8 метр.

«Үркер» тұрғын алабында дәстүр бойынша «Айғыржал» алаңында мұз айдыны мен сырғанақ ашылып, үлкен-кіші тұрғындарды қуанышқа бөледі. Әлбетте алаңда 8 метрлік мерекелік шырша безендіріліп, шамдары жағылды. Бұл жергілікті балалардың жүрегін жаулап, ересектерді де сүйсінтті.

«Жағалау» гүлзарында және Ш. Айтматов көшелерінің қиылысында сырғанақтар ашылды. 8 метрлік шырша мен тақырыптық шағын сәулет нысандары орнатылды. Жылы реңктердегі шамдармен безендірілген гүлзарда ерекше мерекелік атмосфера орнады.

Тұрғындардың көп шоғырланатын орны «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталығының жанында мұз айдыны мен сырғанақ жұмыс істей бастады. Қоғамдық кеңістік 17 желтоқсаннан бастап іске қосылды.

Сондай-ақ бұл күні «Сарыарқада» 8 метрлік, «Керуен ситиде» 7 метрлік, «Азия паркте» 7 метрлік, «Хан Шатырда» 14 метрлік және «Айланд» сауда ойын-сауық орталығында 12 метрлік шырша шамы жағылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.