Елорда жаңалықтары

Астанада “Балаңа уақыт арна” акциясы өтті

AMANAT партиясының Астана қалалық әйелдер қанаты «Балаңа уақыт арна» акциясын ұйымдастырып, оның басты мақсаты отбасылық құндылықтарды нығайту болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінгі шараға 100-ден астам астаналық отбасы қатысты. Ең қуаныштысы – бұл жолы тек аналар ғана емес, әкелердің де белсенділігі ерекше байқалды», – деп бөлісті AMANAT партиясының Астана қалалық әйелдер қанаты төрайымы Салтанат Дженалаева.

Балалар мен ата-аналар үшін ең басты сый елорданың ірі сауда-ойын-сауық орталығындағы кинотеатрға шақыру болды. Көптеген отбасылар алғаш рет жиналып, бос уақытын бірге өткізді.

«Отбасы – қоғамның тірегі. Балалармен уақыт өткізу, ортақ қызығушылықтарды табу және бірге жарқын естеліктер қалыптастыру - өте маңызды. Осындай іс-шаралар бізге күнделікті қарбалас өмірге қарамастан, ең жақын жандарға көңіл бөлу керектігін еске салады», – деді С. Дженалаева.

Әйелдер қанатының төрайымы тең төрағалар және Гүлжамал Жапарова, Ләззат Разбекова, Динара Байсеркина, Динара Уразалина, Мадина Ажикенова, Алтыншаш Табулдина, Сәуле Самидин, Айгүл Рахимжанова сынды әріптестеріне, сондай-ақ осы бастаманы қолдаған барлық азаматтарға алғысын білдірді.

Оның айтуынша, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыс жалғасын табады, ал мұндай шаралар игі дәстүрге айналып үлгерді.