Елорда жаңалықтары

Астанада қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының форумы өтті

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Астанада өткен қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумында сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара Т.Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Форум барысында екі елдегі ғылыми және мәдени ортаның өкілдері мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, халықтық дипломатияны дамытуға және дәстүр сабақтастығын сақтауға қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ олар бірқатар бағытта өзара байланысты одан әрі арттыру жолындағы басым міндеттерді белгіледі.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан мен Өзбекстан зиялыларының алғашқы форумы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткізіліп жатқанын айтты. Президент екі елдің ғылыми-шығармашыл зиялыларының өзара байланысына үнемі баса мән беріп келеді. Осы орайда бұл алаң бауырлас халықтардың гуманитарлық ынтымақтастығын тередетуге жол ашатын маңызды бастама екені анық.

«Соңғы жылдарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Шын мәнінде, мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз. Осындай игілікті іс арқылы біз бір-біріміздің үнімізге құлақ асып, ортақ жарқын болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз», - деді Сенат спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазіргі жағдайда Қазақстан мен Өзбекстан халықтары арасындағы достықты қалыптастырып, нығайтатын адами байланыстар да ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Бұл ретте жастар айрықша рөл атқаратыны анық. Сондықтан білім, ғылым, мәдениет салаларындағы ортақ бағдарламаларды кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасу, креативті және IT-жобаларды іске асыру аса маңызды.

«Біздің елдеріміз ғылымға үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр Астанада өткен Орталық Азия тарихшыларының форумы ортақ тарихымызды кәсіби тұрғыдан қайта қараудың қаншалықты қажет екенін айқын көрсетіп берді. Осыған байланысты алдағы уақытта бірлескен зерттеулерді, мұрағаттарға қол жеткізу жолын және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту аса маңызды. Шын мәнінде, біздің мәдениет, білім, ғылым салаларындағы сүрлеуімізді параллель емес, керісінше, ортақ жолға айналдыруға толық мүмкіндік бар», - деді Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева форумда айтылған идеяларға қолдау білдіріп, оны өткізудің өзекті екенін және мұндай тың бастаманың мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтудегі ерекше маңызын атап өтті.

Іс-шарада Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, Өзбекстан Көркем академиясының төрағасы Акмал Нуридинов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидов, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. Олар қазақ-өзбек байланысын одан әрі нығайтуға арналған жобалар мен идеяларды іске асыру жөнінде өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.