Елорда жаңалықтары

Астанада қарттар күніне орай мерекелік концерт өтті

Халықаралық қарттар күніне орай елордалық Байқоңыр ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Қарттарымыз қазынамыз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Орталықта зейнеткерлерге арналған жаттығулар, соның ішінде жаттығу терапиясы, йога, би, скандинавиялық серуендеу, арт-терапия, кәсіптік терапия, вокал және т.б. өткізіледі.

«Біздің белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 3000-ға жуық зейнеткер келеді. Олар зияткерлік және шығармашылық даму, дене шынықтыру және сауықтыру сабақтарға қатысады. Зейнеткерлер бос уақыттарын қызықты өткізеді, достар табады. Олар біздің қоғамға және өскелең ұрпаққа не қажет екенін біледі, өйткені олар конкурстарға, көрмелерге, концерттерге де қатысады», - деді Байқоңыр ауданының әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Роза Байсалбаева.

Концерт аясында елордалық зейнеткерлер өздерінің таланттарын көрсетті. Атап айтқанда, ән шырқап, би билеп, бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 «Біздің белсенді ұзақ өмір сүру орталығында хореографиямен айналысатын жеті топ бар. Бүгінгі концертте ретро биі бар екі топ өнер көрсетті. Мереке құрметіне осындай стильді таңдадық. Біз зейнеткерлер бұрын тыңдаған музыканы таңдап, жастық атмосфераға енуді шештік. Егде жастағы адамдарда балалар сияқты жарқын эмоциялар бар. Олар әр жаңа қимылға, биге қуанады, сонымен қатар қойылым алдында алаңдайды. Би бізді қуаттандырады және жақсы көңіл-күй сыйлайды», - деп атап өтті хореографиялық бағыттың нұсқаушысы Шолпан Жананбаева.

Сонымен қатар  қонақтарға елорда зейнеткерлері жасаған бұйымдар ұсынылды. Көрмеде кілемдер, кестелер және басқа да шығармашылық жұмыстар ұсынылды.

«Мен орталыққа алғаш рет 2022 жылдың желтоқсанында келдім және мемлекетіміздің қарттарға қамқорлық жасағанына өте қуаныштымын. Мұнда өте қызықты, көптеген түрлі үйірмелер бар. Мен тоқу, тігу, жамау, киіз тоқумен айналысатын халық шығармашылығын таңдадым. Мұндай сабақтар қолдың ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі. Біз осы жаста пайдалы бола алатынымызға  қуаныштымыз. Біз мұнда тату отбасы сияқтымыз. Мерекелерді бірге өткіземіз, үйдегідей емен-жарқын сөйлесеміз және осында келуге асығып тұрамыз», - деді зейнеткер Айман Асмаева.