Елорда жаңалықтары

Астанада «Қараөткел құпиялары» кітабы таныстырылды

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Қараөткел құпиялары» атты зерттеу кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана күні мерекесіне орайластырған, бас қаланың арғы тарихына бойлататын еңбектің мән-маңызы жайлы іс-шараға қатысқан Парламент депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері ой бөлісті.   

Бұл кітап Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылыми-әдістемелік кеңесінің ұсынысымен жарық көрді. Авторы - тарих ғылымдарының докторы, профессор, өлкетанушы ғалым Жамбыл Артықбаев. Кітапта елорданың архив қорында сақталған мол деректер кеңінен пайдаланылды. 

Еліміздің бас қаласы Астана шаһарының өткенін түгендейтін еңбектердің қатарын толықтырған бұлкітаптың өлкенің толып жатқан құпияларын ашуда қосар үлесі зор. Сарыарқа төсінде, Есіл мен Нұра арасында орын тепкен елорданың мыңжылдықтарға тамыр тартатын жұмбағын ашуға септігін тигізеді.

Таныстырылымды жүргізген Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп бұл кітапты шығарудағы мақсатқа тоқталды. 

«Тиісті ұсыныс түскенде бірінші басымдық ономастика мәселесіне берілді. Қаламызда көшелерге, әртүрлі нысандарға атау береміз. Сол кезде жер-су аттарына қараймыз. Біз, қазір, шынын айтқанда бір жарым-екі ғасыр бұрын болған кейбір жер-су аттарын білмейміз. Мысалы, қалада Ақбұлақ арнасы бар. Соның ежелгі атауы Ащыөзек болған. Оны көп адам біле бермейді. Осындай көшелерге, нысандарға атау бергенде осы жердің тарихи жер-су атауларын жаңғыртайық деген мақсатты көздедік» деді Сәкен Есіркеп. 

«Кейде біздің тарихшылар Астананың тарихын 1830 жылдан, округ құрылған уақыттан бастағысы келеді. Бұлай болмайды. Оған дейін де Қараөткелде тіршілік қызып, қайнап жатқан. Қараөткел ежелден сауданың қайнаған орталығы болған. Аталған кітап – Қараөткелдің шынайы тарихына жасалған алғашқы қадам» деген кітап авторы Жамбыл Артықбаев бұл өлке тарихына қатысты кезінде «Астана ақшамы» газетінде арнайы айдар ашылғанын, сонда мақалаларын жариялап, осы тақырыпқа келгенін айтты. Қаланың тарихи келбетіне қатысты ұсыныстарын жеткізді. 

«Шетелге шығып жүрміз. Қазақстан тәуелсіздік алғалы көзіміз ашылды. Әлемнің үлкен шаһарларына барсаңыздар, бәрінде де ескі орталықтар болады. Мәселен, былтыр Бакуге бардым. Бұрын да болған едім. Онда қала тарихына бойлататын ішкері шаһар деген бар. Болашақта Астанадағы ескі Қараөткелді, бұрынғы керуен сарайдың маңың, бір жағы Сарыарқа, бір жағы Республика даңғылдарын, өзен, Сейфуллин көшесіне дейінгі квадратты ескі шаһар ретінде негіздеу керек деп ойлаймын. Шыны-бетоннан салынған жаңа дүние ешкімге қызықты емес, онымен қызықтыру өте қиын. Ал ескі шаһар жасап қойсақ, қандай әдемі болар еді. Оны көне шаһар немесе көне Қараөткел деп атауға болатын сияқты» деді Жамбыл Артықбаев.


Кітаптың құндылығы туралы Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент депутаттары Мұқаш Ескендіров. Болат Керімбек, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Ұлттық құрылтай мүшесі, саяси ғылымдар докторы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов, Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, PHD докторы Нұрбек Пұсырманов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов, жазушы, аудармашы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы пікірлерін айтып, шығармашылық ұжымды, кітап авторын құттықтады. Тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев авторға сауалдарды қойып, ұсыныстарын жеткізді. 

«Қараөткел құпиялары» кітабының шығармашылық тобын айта кетсек, жоба авторлары – Есет Байкен, Сәкен Есіркеп. Редакция алқасы – Ж.Бимолдин, А.Мұқашқызы, С.Баяхметов. Еңбек «Қараөткел туралы ізденістер», «Есіл-Нұра екі су», «Ерте заманның ескерткіштері», «Қараөткел тарихы» және «Қараөткелге қанаттас» атты бес тараудан тұрады.                                                                                       

                                                                             Аманғали Қалжанов