Елорда жаңалықтары

Астанада алаяқтарға көмек көрсеткен «дропперлер» тобы әшкереленді

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде әрекет еткен алаяқтарға көмек көрсеткен «дропперлер» тобының іс-әрекетін әшкереледі. 

Анықталғандай, 2025 жылғы 5-7 ақпан аралығында шетелде орналасқан алаяқтар «Call-орталық» ұйымдастырып, IP-телефонияны пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарына қоңырау шалған. Олар өздерін мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды күмәнді ақшалай аударымдар туралы жалған ақпаратпен алдап, қаражатты Ұлттық банктің «қауіпсіз» шоттарына аударуға көндірген.

Ақшаны қолма-қол шығару үшін Қазақстанның төрт азаматын тартқан, оның ішінде кәмелетке толмағандар анықталды. Олардың ішінен екеуі сыйақы үшін өзге тұлғалардың атына ресімделген банк карталарын іздестірген. Біреуі карталарды алып отырған, ал екіншісі банкоматтар арқылы ақшаны шешіп отырған. Қолма-қол қаражат кураторларға беріліп, олар өз кезегінде ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша ақшаны криптовалютаға ауыстыратын тұлғалардың шоттарына аударып отырған, - делінген хабарламада.