Елорда жаңалықтары

Астанада қалалық STEM олимпиадасы өтіп жатыр

Астана қаласындағы № 103 мектепте 8-11 сынып оқушыларына арналған «Білім берудегі инновациялар» қалалық STEM олимпиадасы өтіп жатыр.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың ғылымға, технологияға, инженерия мен математикаға деген қызығушылығын арттыру, зерттеу дағдыларын дамыту және дарынды жастарды қолдау.

Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі мен «Aстана Innovations» АҚ ұйымдастырып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, «Астана дарыны» дарынды балалар мен таланты жастарды анықтау және қолдау орталығының, Астана қаласының білім басқармасының және «STEM Academia» ЖШС қолдауымен өткізіліп отыр.

STEM олимпиадасын ұйымдастырушылардың бірі - Мағжан Қыстаубаев бұл байқаудың балаларға не үшін керек екенін түсіндіріп берді.

Біздің олимпиадамыз үлкен мұхитқа алып баратын тау бұлағы іспетті. Мұхит ол жаңа технология мен ғылым саласы, робототехника. Әрине, бұл балалардың бәрі жаңалық ашып кетпеуі мүмкін, бірақ олардың арасында отандық ғылымға үлес қосатын балаларға кіріспе жасап, қызығушылығын арттырамыз деп ойлаймын. Мысалы, былтыр қатысқан оқушыларымыз Назарбаев университетінде, шетелдік жетекші университеттерде білім алып жатыр”, - деді ол.

Ұйымдастырушының сөзінше, биыл тоғызыншы рет өтіп отыр.

“STEM олимпиаданы тоғызыншы рет өткізіп отырмыз. 2017 жылдан бері өткізіп келе жатырмыз. STEM олимпиада қарапайым тілмен айтқанда, ғылыми-техникалық өнерпаздық. Бұл жерде оқушылар фундаменталды білім тұрғысынан ғана емес, инженерлік көзқараспен қарап, шешім қабылдау арқылы тапсырмаларды орындайды. Былайша айтқанда, теориялық білімін практика жүзінде іске асырады. Яғни техникалық пәндерге қызығушылығын арттыру, сол әлемге енгізетін кіріспесі сияқты. Мысалы инженерия тапсырмаларын орындаған кезде физиканың заңдылықтарын қолданады”, - деді ол.

Бүгінгі байқаудан жеңіп шыққан сегіз команда Италияның Рим қаласына барады. Былтыр жеңген балалар Барселонаға барып келді.

“Балалар бағдарламалау, инженерлік механика, робототехника, 3D-модельдеу бойынша тапсырмалар орындайды. Мысалы, биылғы тапсырмалардың бірі - ұшатын ракета жасау. Яғни А нүктесінен В нүктесіне жетуі керек. Ол жерде химиялық реакция, физика заңдылықтары сақталуы керек”, - деді Мағжан Қыстаубаев.

Былтыр осы олимпиаданы командасымен бірге жеңіп, Барселонаға барып келген Айша Темірхан қазір Назарбаев университетінде робототехника мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бүгін төреші болып жүр.

“10-сыныпта бірінші рет осы олимпиада туралы естіп, қатыстым. Бірақ ол кезде маған білім жетіспеді. Инженерия, робототехника туралы кеңінен оқып біліп, 11-сыныпта қайтадан қатыстым. Осылайша біз командамызбен бесінші орын алып, Барселонаға аттандық. Мен осы олимпиадаға дейін робототехника туралы хабарым да, қызығушылығым да болмаған еді. Немен айналысатынымды, болашақта өзімді қай салада көретінімді білмеген едім. Маған бағыт-бағдар берді, - деді Айша.

Олимпиадаға 200-ден астам оқушы қатысып, робототехника, бағдарламалау, инженерия және 3D-модельдеу бағыттарында өз дағдыларын сынады.