Елорда жаңалықтары

Астанада алғаш рет халықаралық Биатлон күні аталып өтті

Астанада алғаш рет халықаралық Биатлон күні атап өтіліп, оның аясында отбасылық эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2025 жылдан бастап Халықаралық Биатлон федерациясы (IBU) 24 мамырды Дүниежүзілік биатлон күні ретінде бекітті. Мереке қарсаңында елорданың Орталық саябағында лазерлік мылтықтармен отбасылық эстафета жарысы ұйымдастырылды.

Сайысқа 10 отбасы қатысты, олардың 5-еуі – әкесі мен ұлы, ал 5-еуі – анасы мен қызы. Барлық жүлдегер медальдармен, грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды, ал чемпиондар арнайы кубоктарға ие болды.

Айта кетейік, Астанадан бөлек, бұл мейрам еліміздің тағы 5 өңірінде атап өтіліп жатыр. Олар: Павлодар, Петропавл, Риддер, Қостанай және Щучинск қалалары.

Астанада 9-11 жастағы балалар үшін биатлон секциясы бар. Бұл бастама өткен жылы Биатлон федерациясының бастамасымен Grand Tour Biathlon балалар жарысының финалдық кезеңі аясында ашылған болатын. Қазіргі таңда елордалық 80-нен астам бала биатлонмен тегін айналысып жүр.