Астанада «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты мерекелік кеш өтті
Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында ұлы Абайдың құрметіне арналған «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара Абай күнін ұлықтап, жас ұрпақтың ақын мұрасына деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
«Абай Құнанбайұлы атындағы біздің мектеп жыл сайын ақынның туған күніне орай іс-шаралар өткізеді. Биыл хәкімнің 180 жылдық мерейтойын атап өтуді жылдың басынан бастаған болатынбыз. Бүгінгі мерекелік шара – соның жалғасы.
Абай күні – ұлттың интеллектуалды рухын көтеретін, ұрпақты руханиятқа үндейтін, қазақ болмысының алтын арқауы іспетті тағылымды мереке», - деді Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Қашаева.
Бұл салтанатты кеш – ұлы ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған алғашқы әдебиет кешінен бастау алған дәстүрдің заңды жалғасы болды.
Концерттік бағдарламада оқушылар мен ұстаздар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқып, әндерін шырқады. Сондай-ақ оқушылар ақынға жыр жолдарын арнады.
«Мен үшін Абай шығармаларының орны ерекше. Оның әрбір сөзі терең мәнге ие, әрі қазақ халқының рухани байлығын, мәдениетін қалыптастыруда зор рөл атқарады. Абайдың шығармаларын оқып, терең түсінуге тырысып жүрмін. Ақынның әр шығармасы мен үшін үлкен жауапкершілік және ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге мүмкіндік», - деді республикалық Абай оқулары байқауының жеңімпазы Мықтыбек Ілияс.
Көрермендер ақын өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық сұрақ-жауап ойынына қатысып, белсенділік танытты. Жеңімпаздарға естелікке сыйлықтар берілді.