Елорда жаңалықтары

Астанада ақын Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған бильярдтан республикалық турнир өтті

Астанада әуесқой спортшылар арасында ақиық ақын Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған бильярдтан республикалық турнир өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бильярд турнирінің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа белгілі  жазушылар, Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері бар, жалпы саны қырыққа жуық адам қатысты.

Іс-шараға бастамашы болған сенатор, Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлының айтуынша, академиктің ғана емес, ақынның да мол мұрасын көпшілікке насихаттау мақсатында өткізілген.

«Қазақтың заңғар ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында ақын Несіпбек Айтұлын еске алу кешін ұйымдастырып жатырмыз. Ағаларымыз, қаншама белгілі тұлғалар Несіпбек Айтұлы туралы керемет сөздер толқынын арнады. Бүгінгі бильярд турнирі Несағаңның рухын еске алып, оның қазақ еліне қалдырған мол мұрасын Қанышпен бірге келістіріп, өткізіп жатқанымызды мәртебе деп санаймыз. Сәтбаев атындағы халықаралық қордың жасап жатқан істері Қаныш атамызды насихаттау ғана емес, сонымен қатар академикті насихаттаған, «Қаныш» поэмасының авторы Несіпбек Айтұлын да еске алып, ол кісінің еңбектері, қалдырған мұраларын көпшілікке таныту», - деді Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бильярд турнирінің жеңімпазы – «Егемен Қазақстан»   газетінің фототілшісі,  Сәтбаев қаласының тумасы Ерлан Омаров мәреде «Несіпбек Айтұлы» атындағы сыйлықты алып, бірінші орынды иеленді.

Екінші орынды Несіпбек Айтұлының ұстазы «Мұқағали Мақатаев» атындағы сыйлықты Сенат депутаты Амангелді Толамисов иеленсе, үшінші жүлделі орын Несіпбек Айтұлының тағы бір ұстазы «Мұзафар Әлімбаев» атындағы сыйлықты Еуразия ұлттық университетінің фотографы Ербол Сейітханұлы иеленді.

Бұдан басқа «Қаныш Сәтбаев» атындағы сыйлықты еңбек ардагері Оңдасын Мейірбаев, «Медеу Сәрсеке» атындағы сыйлықты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аяған Сандыбай, «Кәкімбек Салықов» атындағы сыйлықты ардагер журналист Әлімжан Сабыржанұлы, «Нұртас Оңдасынов» атындағы сыйлықты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Нартай Сауданбекұлы иеленді.

Бұдан басқа бес сыйлық - «Алғашқы шар», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы», «Мәдениетті ойыншы», «Үздік дуплет» атты номинациялардың иегерлері де анықталды.

Турнирдің бас төрешісі – ҚР жоғары Ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы болды.