Астанада 800-ден астам бала иппотерапия курсынан өтті
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бекіткен Жол картасын іске асыру аясында «Арғымақ» ат-спорт кешені ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудың бірегей әдісі — иппотерапияны енгізіп, дамытуда. Жыл басынан бері 800 -ден астам бала иппотерапия курсынан өтті. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазіргі уақытта иппотерапия әдісімен медициналық оңалтуды ұйымдастырудың регламенті әзірленіп, бекітілді. Ол келесі бөлімдерді қамтиды: Медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, балалардың тізімін жасау; Қызмет көрсету тәртібі мен жұмыс жүйесін ұйымдастыру; Жеке оңалту жоспарлары мен сабақ кестелерін құру.
«Жансая» және «Нұрлы жүрек» орталықтарымен иппотерапия сабақтарын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. 2024 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін 802 бала иппотерапия курсынан өтті. Оның ішінде 610 бала мемлекеттік тапсырыс аясында қамтылды. Процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыс birge.astana.kz платформасы арқылы ұйымдастырылды. Жеті бала бейімделген спортпен айналысуға таңдалды», - деді Ерлан Каналимов.
Сонымен қатар, өңірлік және республикалық жарыстар өткізілді, онда «Арғымақ» кешенінің тәрбиеленушілері жүлделі орындарға ие болды.