Елорда жаңалықтары

Елордада 700-ден астам ұландық алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті

Елорданың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз ету үшін 700-ден астам ұландық алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызметке кіріспес бұрын жас сарбаздар бір айлық әскери дайындықтан өтіп, әскери тәртіптің негіздерін меңгерді. Қалалық ортада қызмет етудің ерекшеліктерімен танысты және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді үйренді. Азаматтармен  қарым-қатынас жасау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

«Бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл –  қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сіздердің міндеттеріңіз – адал, тәртіпті болып, әр қала тұрғынына құрметпен қарау», - деп атап өтті Е. Әбдіқалықов.

Жас сарбаздар шынайы жағдайларға барынша жақындатылған оқу-жаттығулардан өтіп, жедел әрі батыл шешім қабылдау дағдыларын шыңдады. Елордалық бригаданың штаб бастығы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, ұландықтардың басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңдылық пен тәртіпті сақтау.

 «Қазіргі уақытта құқықтық тәртіп әскерлерінің рөлі артып жатыр.  Өз кезегінде жас сарбаздар да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға дайын. Ұлттық ұлан жауынгерлері заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, өз қызметін абыроймен атқаруды жалғастыруда», - деп жазылған хабарламада.