Елорда жаңалықтары

Астанада 69 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді

Астанада 2022-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 69 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сонымен қатар осы кезеңде 55 ғимараттың лифтілері жөнделді немесе ауыстырылды.

«Ортақ мүлікті күрделі жөндеу жұмыстары екі түрге бөлінеді – минималды және максималды жұмыс түрлері. Жұмыстың минималды түрі жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін және үйдегі жылу энергиясын жалпы есептегіштерді орнату арқылы тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеуді, сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, қозғалысы шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны құруды қамтиды.

Жұмыстың максималды түрі шатырды, кіреберісті, жертөлені, қасбетті жөндеу, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін және жалпы үйдегі жылу есептегіш құралдарын міндетті түрде орнату арқылы лифт жабдығын жөндеу (ауыстыру), тұрғын үйлердің жалпы инженерлік желілерін және өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнату/қайта жабдықтау, сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолжетімді ортаны құру болып саналады», - деді «Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары Гульвира Абетова.

Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, лифтілерді мемлекеттік бюджеттік кредит есебінен жөндеуге (ауыстыруға) қатысу туралы шешімді көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жалпы жиналыста қабылдауы тиіс.

Онда бағдарламаға қатысу фактісі ғана емес, сонымен қатар әр пәтерге, тұрғын емес үй-жайға жүктелген шығындар сомасы бекітілуі керек. Ол барлық тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың алаңдарының мөлшеріне байланысты айқындалады.

Жалпы жиналыста пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері бюджет қаражатын қайтару мерзімін анықтауы тиіс. Ережеге сәйкес, ол 7 жылдан 15 жылға дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ жасырын жұмыс түрлерін қоса алғанда, жұмыстарды қабылдау кезінде шығындардың, қызмет көрсетушілер мен жауапты тұлғалардың сметасы да бар.

«Астанада күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындар аталмыш бағдарламаның операторы болып саналатын «Өркен қала» ЖШС-іне хабарласып, өтінім бере алады», - деп атап өтті Абетова.

Айта кетейік, Астанада 2011 жылдан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Жөндеуді қажет ететін кез келген көпқабатты үй осы мақсатта бюджеттік несие алуға өтініш бере алады.