Елорда жаңалықтары

Астанада 24 «Жайлы мектеп» салынады – Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының тұрғындарымен есептік кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тұрғындар әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер), аулалар мен қоғамдық кеңістіктер, жолдар, инженерлік желілер салу мәселелерін көтерді. Сол сияқты қала құрылысшыларына, жаңа маршруттарды іске қосуға, көшелерді жарықтандыруға қатысты т.б. мәселелер қозғалды.

Маңызды мәселе – әлеуметтік нысандар салу. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 24 мектеп саламыз. Мысалға алар болсақ, жаңа оқу жылының алдында 9 жайлы мектеп ашқан болсақ, жыл соңына дейін тағы 8 жайлы мектеп есігін айқара ашады. Осы ұлттық жоба бойынша мектептердің үштен бір бөлігі қарқынды дамып келе жатқан Нұра ауданында ашылатын болады», - деді Ж.Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, өзге де мемлекеттік мектептер салынады әрі жеке инвестициялар тартылады.

Сондай-ақ, Оқушылар сарайларын, мемлекеттік балабақшаларды, мемлекеттік мекемелерді және т.б. салу бойынша жобалар іске асырылады.

«Биыл қалада 170 аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Бұл жұмыс елорданың барлық ауданын қамтыды. Мысалы, Нұра ауданының «Хан Шатыр» СОО маңында 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ал олардың орнында сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған болатын. Жағалау шағын ауданында 18 гектар аумақ кешенді абаттандырылды, аудан көгалдандырылды және т.б.
І.Омаров көшесіне дейінгі Гринлайн аллеясы 4 кезең бойынша жүзеге асырылады. Келер жылы ЕК-15/1 көшесінен Әнет баба көшесіне дейінгі учаскеде құрылыс басталады. Бұған қоса, келесі жылы Әйтеке би көшесін аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл 13 көшенің күрделі құрылысы аяқталып, тағы 9 көшеде орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, тағы 10 көшенің құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді елорда әкімі.