Елорда жаңалықтары

Астанада 200-ге жуық зейнеткер ерекше марафонға қатысты

Бүгін Астанадағы Ботаникалық саябақта Қарттар күніне орай “Әр қадам ұзақ ғұмырға жетелейді” атты тақырыпта скандинавиялық серуеннен марафон өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл іс-шараны қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.

“Бізде кәрілік деген жоқ. Заманымызға қарай аман-сау болып, халыққа өзіміздің шамамыз келгенше қызметімізді көрсету мәселесі. Біздің орталықтарға күніне 3500-ден астам адам келеді. Оларға қоятын мақсатымыз - әдемі қартаю. Елордамыз уақыт өткен сайын көркейіп жатыр, сол секілді біз де әдемі болып, денсаулығымызды күту. Денсаулығын күтуге үйрету. Олар тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Сондай-ақ зейнеткерлер орталықта тіл үйренеді, ән-би үйірмелеріне барады”, - деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.

Марафонның мақсаты – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушы зейнеткерлері өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға және әдемі қартаюға шақыру.


Астаналық 84 жастағы зейнеткер Сабыржан Балгазаровтың орталыққа барып жүргеніне биыл 2 жыл болған.

“Үйде босқа жата бергенше, осында барған дұрыс деп санадым. Мұнда ең әуелі орта бар. Жаңа ортада жаңа адамдармен танысамыз, аудан арасында өтетін түрлі жарысқа қатысамыз. Мұнда мен күніне 1 сағат биге, 2 сағат домбыраға барамын. Сондай-ақ скандинавиялық серуен болады. Бастысы, денсаулыққа өте пайдалы”, - деді зейнеткер.

Спорттық іс-шараны өткізуге Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсеткен. Марафонда 63 жастағы Назигүл Тұңғышбаева бірінші болып мәре сызығына келді.

“Мен бала кезімнен спортпен айналысамын. Студент кезімде жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Негізі орталықта күн сайын таңертең скандинавиялық серуенге барамыз. Мен өзім күн сайын 15 шақырым жүремін. Қазір көңілкүйім керемет. Бастысы шаршаған жоқпын”, - деді 63 жастағы зейнеткер.

Іс-шара соңында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар берілді.