Елорда жаңалықтары

Астанада 127 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Елордада мемлекеттік сатып алу саласында 127 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы Астана қаласы  Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық прокуратура басқармасының прокуроры Тархан Закарин айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында прокуратура органдары бірқатар жұмыстарды атқарды.

«Биыл  мобильді топтарға 90 сигнал келіп түсті, қарау нәтижелері бойынша оның 32-сі расталды, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау аясындағы басқа да жұмыстар бойынша 33 заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну, 13 наразылық енгізілді, шектеу шараларын алып тастау туралы 5 қаулы шығарылды. Нәтижесінде 47 лауазымды тұлға тәртіптік, 95 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, 4000-нан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, кәсіпкерлер 16 млн теңге айыппұл сомаларынан босатылды», - деді прокурор.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер құқықтарының көп бұзылуы салық, мемлекеттік сатып алу және жер қатынастарында болып тұр. Дегенмен прокуратура органдары бұзушылықтарды жою, оларды болдырмау мақсатында ықпал етіп, бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарды қарқынды жүргізуде.

«Прокуратура міндетті медициналық сақтандыру жарналарын енгізбеу деректері бойынша кәсіпкерлерге жолданған хабарламалардың заңдылығына талдау жүргізіп, кіріс органы міндетті медициналық сақтандыру жарналары бойынша 1 912 хабарлама жібергенін анықтады (бір аудан бойынша көрсеткіш). Өз кезегінде, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес, қорға жарналар төлеуден зейнетақы төлемдерін алушылар босатылған. Оған қарамастан кіріс органы зейнет жасына толған жеке кәсіпкерлерге сақтандыру жарнасын төлеу туралы хабарлама жолдап, оның орындалмағаны үшін банктік шоттарының шығыс операцияларын тоқтатқан», - деді спикер.

Көрсетілген фактілер бойынша енгізілген қадағалау актісінің қаралуымен 5 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 1 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.Одан бөлек мемлекеттік сатып алу саласында 127 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

«Мысалы, прокуратура білім беру ұйымдарымен мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасының 3 пайызын қайтармау түріндегі кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректері туралы ұсыну енгізді. Қарау нәтижелері бойынша 64 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары мемлекеттік сатып алу шарты бойынша қамтамасыз ету сомасын қайтару арқылы қорғалды, білім беру ұйымының 16 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді прокурор.

Сондай-ақ қадағалау қызметі аясында прокуратура 1206 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарын бұзу фактілерін анықтады.

«Нақтырақ айтсақ сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы кәсіпкерлік субъектілерімен жер учаскелерін жалға беру шарттарын жасасу кезінде үлгілік шартта көзделген талаптардан ауытқып, кәсіпкерлер құқықтарын шектеген. Нәтижесінде прокуратурамен қадағалау актісі енгізіліп, жер учаскелерін жалға беру шарттары заң талаптарына сәйкестендіріліп, 1206 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды, 1 адам тәртіптік жауапқа тартылды», - деді Тархан Закарин.