Елорда жаңалықтары

Астана – заманауи саяхат қаласы: қорытындылар мен жаңа бастамалар

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Астана өзінің айқын туристік әлеуетін көрсетті. Елордаға 735,7 мың адам келіп кетті.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық. Оның ішінде 177,1 мыңы – шетелдік турист (өсім 13%) және 558,6 мыңы жергілікті халық (өсім 7%).
Қонақтардың 33%-ы іскерлік мақсатпен келсе, 67%-ы саяхаттау үшін келген.

Келген шетелдік меймандардың басым көпшілігі:
Ресей – 67 380 адам (+9%)
Қытай – 28 689 адам (+68%)
Түркия – 9 125 адам (+16%)
АҚШ – 5 977 адам (+37%)
Германия – 5 826 адам (+9%)
Ұлыбритания – 3 677 адам (+20%)

Туристік қызмет көлемі де айтарлықтай артты: орналастыру нысандары көрсеткен қызмет көлемі 34,5 млрд теңгеге жетіп, 42%-ға өсті. (дереккөз - Ұлттық Статистика бюросы).

Оқиғалар маусымы

Жарты жыл ішінде елордада 25-тен астам Халықаралық іс-шара өтті. Форум, фестиваль, көрме, чемпионаттарға 40 елден 120 мыңнан астам қатысушы келді.
Маңызды оқиғалардың бірі — Comic Con Astana фестивалі, оған келген 75 мың көрермен қала экономикасына шамамен 3,5 млрд теңге пайда әкелді. Бұл көрсеткіш тек билет сатылымымен шектелмейді. Мұндай ірі іс-шаралар кезінде қаладағы барлық сала  жанданады: қонақүйлер мен хостелдерде орын толады, такси мен әуе рейстерінің саны артады, мейрамханалар мен кофеханаларда сұраныс көбейеді, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы сатылымдар өседі.
Тіпті шағын бизнес – дүкендер, қызмет көрсету мен логистика саласы да мұндай іс-шаралардан жақсы пайда көреді.

Сондықтан оқиғалық туризм тек мәдени бағыт қана емес, қала экономикасының қозғаушы күші. Осындай фестивальдар мен форумдар қаланың барлық секторына серпін беріп, жергілікті бизнестің кірісін арттырады.

Халықаралық деңгейдегі нәтиже

Астана туризмін шетелде таныту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Visit Astana өкілдері ITB China, MIMTC, Tashkent International Tourism Fair сияқты Халықаралық көрмелерге қатысып, ICCA (Халықаралық конгресс және конференциялар қауымдастығы) ұйымымен ынтымақтастық орнатты.
Елорда туралы материалдар Euronews, Khaleej Times, TravelDailyNews сияқты беделді БАҚ-та жарияланды. Астана туралы контенттің жалпы қаралымы 3 миллионнан асты. Материалдарда қаланың қауіпсіздігі, заманауи инфрақұрылымы және қолайлылығы ерекше аталып өтті.

Қызмет сапасын арттыру

Елордада туристік инфрақұрылым жаңарып келеді. Вокзалдар мен туристік аймақтарда ақпараттық орталықтар мен Taxi Point терминалдары орнатылды.
Туристерге өз сапарын өздері жоспарлауға мүмкіндік беретін цифрлық карталар мен QR-гидтер іске қосылды. 112 аккредиттелген гид дайындалып, қызмет көрсету стандарттары бойынша оқытылды. Туристік сала өкілдеріне арналған ақпараттық турлар, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылды.

Қытай туризміне арналған жыл

2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы болып жарияланды. Осыған орай Visit Astana компаниясы Welcome China және China Pass жобаларын жүзеге асырды. Оның аясында мейрамханалар мен қонақүйлерде қытай тілінде мәзір мен ақпараттық материалдар әзірленіп, қытай тілінде қызмет көрсететін 20 гид оқытылды. Қытайлық туристердің гастрономиялық, мәдени, тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, туристік бағыттар енгізілді.

Жоспарлар мен даму бағыттары

Алдағы уақытта да Астанада бірнеше Халықаралық форум, көше мәдениеті фестивалі, сондай-ақ әлемдік жұлдыздардың концерттері өтеді. Оқушылар мен студенттер үшін танымдық экскурсиялар мен қаланың тарихына арналған бағдарламалар дайындалуда. Сонымен қатар Visit Astana онлайн-экскурсия броньдау жүйесі мен оқиғалар күнтізбесін іске қосуды жоспарлап отыр.

Қала – баршаға!

Астананың туризмі тек қонақтарға емес, қала тұрғындарының өзіне де бағытталған. Инфрақұрылым, іс-шаралар, қызмет сапасы – мұның бәрі өмірді ыңғайлы әрі қызықты етеді. Туризмді дамыту орталығының мәліметінше, бұл жетістіктер – мемлекет, бизнес және астаналықтардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Бүгінде туризм – елордалықтардың өмір салтының бір бөлігі. Бұл бағыттағы тұрақты даму Астананы Еуразияның туристік жүрегіне айналдыруға жол ашып отыр.