Елорда жаңалықтары

Астана әуежайында Жәмила Бақбергенованы күтіп алды

Күрес түрлерінен Тиранада (Албания) өткен олимпиадалық емес салмақ бойынша әлем чемпионатында 72 келіде күміс жүлдеге ие болған Жәмила Бақбергенова елге оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спортшыны туыстары, достары құшақ жая қарсы алды. Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова қазақ қыздары арасынан 4 мәрте жүлде алған алғашқы балуан атанды. 72 келіде сынға түскен жерлесіміз финалдық белдесуде бірнеше күн бұрын ғана 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 68 келіде ең үздік атанған Ами Ишиден (Жапония) есе жіберді.

Ал финалға дейін белдесулерде Эмилия Кречун (Молдова), Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Адель Ганзличкова (Чехия), Азия чемпионы Болортуяа Зоригтан (Моңғолия) басым түскен болатын.

«Лицензиялық турнирлерден кейін, бас бапкеріміз өзіміз жұмыс жасауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде кезекті жүлдемді алдым. Барлық қарсыластарыммен алғаш рет белдестім. Себебі, олардың біршамасы 68 келіден көтерілді. Финалда бапкерімнің нұсқауымен жапон спортшысын  күтуім керек еді. Ұпай жағынан алда тұрғанымен, бір ғана қателіктің кесірінен есе жіберіп қойдым. Күміс медальға да жету оңай болмады. Енді әскерилер арасындағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатын боламын. Жалпы өзімді 72 келіде қолайлы сезінемін. Бойым да, дене бітімім де осы салмаққа сай», - деді Жәмила Бақбергенова.

Айта кетейік, аталмыш Әлем чемпионатында жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс медальді еншілеп, өз тарихындағы екінші үздік нәтижесін тіркеді.