Астана тұрғындары iKOMEK109 орталығына 15 миллион өтініш қалдырған
Тіршілікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы маңызды межеге жетті ‒ 2018 жылдан бастап қала тұрғындарынан 15 миллионнан астам өтініш қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жыл сайын орта есеппен 2,2-2,3 миллион өтініш түседі. Бұл сервистің жоғары сұранысын және азаматтардың жүйеге деген сенімін білдіреді.
iKOMEK109 елорда әкімдігінің фронт-офисі ретінде барлық 24 қалалық басқарманы, 6 аудандық әкімдікті, 24 коммуналдық қызметті, 79 лифт шаруашылығын және қаланың тұрғын үйлеріне қызмет көрсететін 1 370-тен астам ұйымды қамтиды.
Күн сайын iKOMEK109 операторлары түрлі сипатта 3-8 мың аралығында қоңырауларды, соның ішінде лифтте тұрып қалған адамдар, ашық құдықтар, электр кабельдерінің үзілуі және жедел араласуды қажет ететін басқа жағдайлар сияқты шұғыл қоңырауларды өңдейді.