Елорда жаңалықтары

Астана әкімі Үркер елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданына қарасты Үркер елді мекенінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиын барысында Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, аумақтың даму бағыттарына тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Басты бағыттардың бірі – қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту және әлеуметтік нысандар салу.

Мәселен, «GreenLine» саябағы – биыл қалада салынған ірі жобалардың бірі. Саябақтың ұзындығы 3,7 шақырымды, аумағы 18 гектарды құрайды.

Биыл жобаның алғашқы кезеңі – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі бөлігі аяқталды. Бұрынғы құрылыс алаңының орнында ағаштар, гүлбақтар мен демалыс аймақтары бар жасыл желекжол салынды. Мұнда мыңдаған ағаш пен ондаған мың көпжылдық өсімдік отырғызылып, нәтижесінде аумағы жанданды.

Тағы бір сәтті жоба – Әйтеке би көшесіндегі саябақ. Бұрын бос жатқан жер бүгінде тұрғындарға арналған жайлы ортаға айналды: жаяу жүргінші аймақтары жаңартылды, мыңнан астам ағаш отырғызылды, заманауи жарықтандыру орнатылды.

Қазір бұл орын жақын маңдағы тұрғындар жиі баратын сүйікті демалыс орнына айналған.

Орталық саябақ та жаңартылды: жаяу жүргіншілер жолағы реттеліп, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Саябақтардағы қоғамдық кеңістіктер заманауи сипат алып, жайлылығы арта түсті.

Қоғамдық кеңістіктер Samruk Towers, Highvill Park тұрғын үйлерінің маңында және Үркер тұрғын алабындағы Рәбиға Есімжанова көшесінде де абаттандырылды. Қазіргі уақытта Madrid, Copenhagen, Inju City, «Алтын Шар» тұрғын үй кешендерінің жанында да жұмыс жалғасып жатыр. Мақсат – әрбір аумақта жаяу жүруге ыңғайлы көгалдандырылған демалыс аймақтарын көбейту.

Аулада орналасқан аумақтарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 19 мекенжай бойынша кешенді абаттандыру жүргізілді, оның ішінде 10 аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жөнделді. Сонымен қатар 50 аулада қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.

Соңғы екі жылда ауданда 10 мемлекеттік мектеп, оның ішінде Президент бастамасымен салынған 8 «Келешек мектебі», сондай-ақ 4 жеке мектеп, 2 медициналық орталық, балабақша, спорт кешені және Үркер тұрғын алабында өрт депосы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп, ал 2026 жылы жаңа балабақша ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асып жатыр: «Бочча» инклюзивті спорт орталығы, Көпфункционалды кешен, «BI ART» музыкалық өнер орталығы және Орталық саябақтағы шаңғы-роллер базасы салынып жатыр.

Ауданды көгалдандыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Биыл 7 мыңға жуық ағаш, 85 мың бұта отырғызылды. Жасыл желектер тек орталық көшелерде ғана емес, аулаларда да отырғызылып жатыр. Сонымен бірге биыл ауданда 11 көшеде жол салынды.

Нұра ауданының дамуы мен абаттандырылуы тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, жүйелі түрде жалғасып жатыр.