Елорда жаңалықтары

Астана күніне орай елорданың «Сарайшық» ауданында волейбол турнирі басталды

Астана күніне орай елорданың «Сарайшық» ауданындағы ұйымдар арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мегаполисіміздің аумағы кеңейіп, халық санының артуына байланысты 2025 жылы елордамызда ресми түрде алтыншы «Сарайшық» ауданы ашылып еді. Осы орайда алғаш рет жаңа ауданда қала күнін тойлауға қатысты спорттық шара өткізілуге шешім қабылданды.

«Тек қала күніне орай ғана емес, басқа да мерекелік іс-шаралар аясында да жарыстар ұйымдастырамыз. Мәселен, бұл жолғы жарыс "Сарайшық" ауданы құрылған кезде бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес өтіп отыр. Жалпы біз волейболдан бөлек, футбол, үстел теннисі, шахмат және ұлттық спорт түрлерін де қамтитын түрлі турнирлер өткіземіз. Волейбол — көпшілікке қолжетімді, командалық рухты көтеретін, әрі сергектік пен шапшаңдықты қажет ететін ойын. Сол себепті ұйымдар арасында жиі таңдалады. Бұл идея әріптестік қарым-қатынасты нығайтады деп сенемін. Бұйырса, бәсекені дәстүрге айналдырамыз деген ой бар», - деді турнирдің бас төрешісі Дәулет Хамзин.
 

Биылғы турнирде CITY поликлиникасы, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, Төтенше жағдайлар басқармасы, «Сарайшық» ауданы әкімдігінің қызметкерлерінен құралған 4 команда бас қосты.

«Заманауи, жақында ғана қолданысқа берілген Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде волейбол ойнаудың ләззаты бөлек. Жап-жарық. Барлық стандарттарға сай. Атмосферасы ерекше. Қала күніне орай ұйымдастырылып жатқан волейбол турнирі жақсы өтеді деген ойдамын. Өзге ұйымдардың өкілдерімен бейресми қарым-қатынасымызды жақсартып, ауданымызды одан әрі жандандыруға септігін тигізеді деп үміттенемін», - деді Төтенше жағдайлар басқармасының өкілі Дәурен Әділбеков.
 

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары бүгін анықталады. Волейбол турнирінің қорытындысы бойынша, жүлдегерлер арнайы кубок, номинация, естелік дипломдармен марапатталады.