Елорда жаңалықтары

Астана күніне орай Нұра ауданында шахмат пен тоғызқұмалақтан жарыс өтті

Бүгін елордада Астана күніне арналған спорттық шаралар аясында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жасөспірімдер интеллектуалдық спорттан сынға түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Паралимпиадалық жаттығу орталығында ұйымдастырылған бәсекеге 40-қа жуық жан жиналып, командалық сайыс түрінде жүлдеге таласты.

«Нұра ауданымен бірге ұйымдастырылып жатқан шарамыз төртінші рет өткізіліп жатыр. Биылғы басты ерекшелігіміз зейнеткерлерді қосуды жөн көрдік. Себебі қаламыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мүшелері әуесқойлар арасында қаламен ғана шектелмей, республикалық жарыстарда биіктен көрініп жүр. Олардың деңгейлері жасөспірімдерге жақсы тәжірибе болмақ», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының маманы Гүлнұр Базарханова.

Осы орайда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қатысушысы Талғат Исмағұлов тоғызқұмалақтың қаламызда қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етті.


 

«Тоғызқұмалақ – қазақ халқының дәстүрлі интеллектуалды ойыны. Сондықтан 2 жыл бұрын осы спорт түрін игеруді жөн көрдім. Үйрену барысында ата-бабамыздың ақылдылығына, есепке жүйріктігіне таңғалдым. Осы ойын арқылы миды белсенді түрде жұмыс істетуге болады. Мен баратын орталықтың өзінде 60-70 адам үнемі өзара талас-тартысқа түсіп жатады. Жоғары бәсекелестіктің арқасында бірқатар жетістіктерге де жетіп үлгердім», - деді зейнеткер Талғат Исмағұлов.

Жарыс соңында барша қатысушылар медаль мен арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды.