Елорда жаңалықтары

Астана күні қарсаңында елордада жаңа гүлзар ашылды

«Байқоңыр» ауданында қала күні қарсаңында А.Жұбанов көшесінің бойында жаңа гүлзардың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қоғамдық кеңістіктің ашылу рәсімі мерекелік атмосферада аудан тұрғындары мен қонақтарының, шығармашылық ұжымдар мен белсенді азаматтардың қатысуымен салтанатты түрде өтті.

Осыған дейін аталған кеңістік бос, абаттандырылмаған учаске болатын. Бүгінгі таңда кешенді абаттандыру нәтижесінде жасыл желекке оранған, тынығуға және серуендеуге арналған заманауи гүлзарға айналды.

«Гүлзардың жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден астам. Абаттандыру жұмыстары аясында 3 мың шаршы метр асфальт жабыны, 4 мың шаршы метр кеспетастар төселіп, көше жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және өзге де сыртқы жиhаздар орнатылды.

Сондай-ақ 170 көлік орынына арналған автотұрақ жайластырылып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы жағдай жасалды», - деді Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді.

Сонымен қатар гүлзар аумағына 10 мыңға жуық жасыл желек отырғызылып, 5 900 шаршы метр аумаққа арналған жергілікті суару жүйесі іске қосылды.
Бұл – кеңістіктің жасыл күйін ұзақ мерзімге сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, маңызды инфрақұрылымдық мәселе де шешімін тапты – №5 мектепке кіреберіс жол толықтай абаттандырылып, оқушылар мен ата-аналардың жүріп-тұру қауіпсіздігі жақсарды.

Айта кетейік, гүлзар А.Жұбанов және Ж.Тархан көшелерінің қиылысында орналасқан.