«Астана - есірткісіз қала»: велошеру маусымы басталды
Астанада есірткіге қарсы күрес күніне орай бұқаралық велошеру өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мектеп маусымының аяқталуы және жаз мезгілімен тұспа-тұс келген сәтте қала шетіндегі «Жасыл белдеу» саябағында велошеру ресми түрде ашылды. Таңғы 9:00-де басталған спорттық шараға елордамыздан 700-дей тұрғын қатысты.
«Қоғамда мәселелер көп. Бірақ интернет беттерінде синтетикалық есірткі жайлы өте көп талқыланады. Ел басшысының өзі бұл жағдайды қатаң назарына алған. Ал бұқаралық велошеру - ерік-жігерді шыңдауға мүмкіндік береді және спортқа жақын жандармен танысып, ортасын табуға ықпал етпек. Баршаңызды құттықтаймын! Бұйырса, жаз мезгілінде де бірнеше велошеру ұйымдастыру жоспарымызда бар», - деді «Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.
700-ге жуық әуесқой спортшылар бас қосқан шарада қатысушылар «Үркер» елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейін жалғасқан 25 шақырым қашықтықты еңсерді.
«Зейнетке шыққалы 5 жылдан бері тұрақты түрде спортпен айналысамын. 29 наурыздан бері күнделікті велосипедпен 50 шақырымды еңсеремін. Басында өзім бастап едім. Қазір немерем де қасыма серік болып қосылды. Өзім арқылы жастарды да дұрыс бағытты ұстанатынына қуаныштымын», - деп 69 жастағы қала тұрғыны Марат Мұхамбетжанов өз әсерін айтты.
Шара соңында қатысушылар арасында лоторея арқылы велосипед ойнатылып, ыстық шай мен палау берілді.
Енді келесі велошеру маусым айының басында рәміздер күніне жоспарланған.