Елорда жаңалықтары

«Астана – есірткісіз қала»: Елорда колледждерінде кездесулер өтті

«Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында есірткіге қарсы күрес және оның зиянды салдарын түсіндіру мақсатында елордадағы төрт колледжде кездесулер өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы және Астана қаласының Білім басқармасы ұйымдастырды.  

Кездесу жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және олардың психологиялық, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.

Жоғары көлік және коммуникация, «Астана-Профи», Менеджмент, бизнес және білім, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақмола колледжінде ұйымдастырылған кездесулерге 400-ден астам студент қатысты.

«Мұндай кездесулер жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Биыл да осы мазмұндағы кездесулер мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында өтіп жатыр.

«Астана – есірткісіз қала» жобасының аясында қолға алынған іс-шаралар өте көп. Кездесулерден бөлек, журналистер байқауы, үздік жоба идеялары байқауы өтті. Қала тұрғындары нашақорлықтың алдын алу мақсатында 300-ден аса идея ұсынды. Бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар әртүрлі форматтағы акциялар ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 800-ден астам адам қатысты», - деді «Жастар және балалар ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекші маманы Қуаныш Сүлеймен.

Кездесуде сөз сөйлеген Астана қаласы прокуратура басқармасының прокуроры Думан Совет, психолог Әсел Пірімбек тақырып төңірегінде маңызды ақпараттар берді. Бұған қоса оқушыларға құқықтық мәдениет құндылықтары, заң үстемдігі қағидаттары түсіндірілді.