Елорда жаңалықтары

«Астана – есірткісіз қала»: Байқоңыр ауданында жүгіру шарасы өтті

Астанада есірткіге қарсы күрес күніне орай BAIQONYR RUN жеңіл атлетикалық жүгірісі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жексенбінің таңында «Алатау» спорт сарайынан басталған бұл шара 9:00-ге белгіленсе де, қатысушылар 8:00-ден бастап жинала бастады. Дәстүрге сай, жүгіру басталар алдында фитнес жаттықтырушы қатысушыларға таңғы жаттығу жүргізді.

«Астана – есірткісіз қала» ұранымен елордамыздың екінші ауданында жүгіру шарасын өткіздік. Бұл жолы жүгіру бағыты жаңартылды. Қатысушылар Есіл өзенінің бойымен «Толқын» және «Барыс» спорт кешендерінің жанынан өтті. Ауа райы, атмосфера өте керемет. Ешкімге кедергі келтірмедік. Медальдарымыз да ерекше жасалған. Алдағы уақытта Алматы ауданымен бірлесіп өткізу жоспарда бар. Бастысы, спорт арқылы қоғамды зиянды әдеттерден бас тартуға шақыруға тырысып жатырмыз, — деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Үсербай.

Жарысқа 500-ден астам әуесқой жүгіруші қатысып, 9:00-де 4 шақырымдық қашықтыққа жүгіріп шықты. Жүлделі орындар қарастырылмаса да, ысқырық белгісімен қатысушылар бірден алға ұмтылды. Көшбасшы мәреге небәрі 15 минутта жетті. Бірі жеке рекордын жаңартуға, бірі отбасымен бірге салауатты өмір салтын насихаттауға келген.

Елордада мұндай жүгіру жарыстары жиі өтіп тұрады. Өзім осы қалада тұрғандықтан, барынша бірде-бір жарысты қалт жібермеуге тырысамын. Жүгіру — менің күнделікті тәртібім, өмір салтымның бір бөлігіне айналды. Жүгіруге отбасымды да тартып жүрмін. Бүгінгі жарыстың тағы бір ерекшелігі — лотерея арқылы ойнатылған велосипедтердің екеуі бізге бұйырды. Өте қуаныштымыз, — деді қатысушы Марғұлан Ермағанбетұлы.

Жарыс соңында барлық қатысушыларға естелік медаль мен су таратылып, лотерея ойыны ұйымдастырылды.