Елорда жаңалықтары

Астана қаласы конкурдан Қазақстан кубогын қабылдап жатыр

Елорданың «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының кубогы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спорттық шара бағдарламасы екі санат бойынша өткізіледі. Қатысушылар 120-дан 145 см-ге дейінгі әртүрлі күрделілік деңгейіндегі алты бағытта өз шеберліктерін көрсететін болады.

«Қазақстан кубогының басты ерекшілігі - жүлдегерлер ұлттық құрамаға алынып, әлем кубогы кезеңдері мен халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайды. Өздеріңіз білетіндей, 2 апта бұрын Астана қаласы ұзақ жылдардан кейін әлем кубогының кезеңін өткізген еді. Жақсы нәтиже көрсеткен кей отандастарымыз қазіргі сәтте Ресейде ТМД кубогына дайындалып жатыр. Ал Қазақстан кубогында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысының 30-дан астам спортшылары бірнеше сайыс түрінде жүлдені сарапқа салады. Бұл жерде тіпті жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатының жүлдегерлері де бірінші рет ересектер арасында тәжірибелерін байқайды», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Толқымбеков.

Турнир Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен және халықаралық стандарттарға толық сәйкес ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл жарыстың жоғары деңгейде өтуіне, әділ бағалануы мен кәсіби төрелікке кепілдік береді.

«Конкурдан ел ішіндегі ең басты жарыстар ретінде Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогы саналады. Қатысушылардың қайсысы болмасын, жеңіске жеткісі келеді. Жеке өзіме келетін болсам, көктемнен бері Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстандағы халықаралық жарыстарға қатысып үлгердім. Бұл бәсекеге сақадай саймын», - деп жарысқа қатысушы Нурила Тұрысбекова пікірін білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан кубогының жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің толық есімдері 22 маусымда белгілі болады.