Елорда жаңалықтары

Елордада «Астана қаласы әкімдігінің бірыңғай электронды архиві» жобасының таныстырылымы өтті

Архивші күні қарсаңында Астана қалалық әкімдіктің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының архив қорының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Астана қаласы әкімдігінің бірыңғай электронды архиві» жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ауқымды жиынға қала әкімдігінің мемлекеттік мекемелерінің басшылары, бас мамандары мен архив қызметкерлері қатысты.  

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастырған шарада жиын қатысушыларының назарына қала тарихы туралы «Шаһар шежіресі» атты фотоқұжаттық көрме ұсынылды.  

Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдиннің сөзінше, электронды архив құжаттарды тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді.

«Бүгін біз архивтеу саласындағы цифрлық трансформацияның негізгі аспектілерімен тоқталатын боламыз. Электронды архив ведомстволық архивтердің жұмысын жақсартуға және олардың қызметін жүйелеуге бағытталған. Ол бізге құжаттарды тиімдірек басқаруға және архивтердің қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл іс-шара қаламыздағы архив ісін жақсартудың маңызды кезеңін ашады. Жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізу әкімдіктің және жалпы мемлекеттік органдардың жұмысына оң әсер етеді»,- деді Жангелді Бимолдин.

фото: Астана қаласы мемлекеттік архиві

Архив директоры салаға жаңа технологияларды енгізу кезінде кадрлардың біліктілігіне қатысты мәселелер жиі туындайтынын да атап өтті.

«Барлық архивистер жаңа цифрлық жүйелермен жұмыс істеуге дайын емес. Кейде мұндай технологияларға тап болғандар тиімді жұмыс істеу үшін жеткілікті білім мен тәжірибеге ие бола бермейді. Бұл мамандарды үздіксіз оқыту мен қайта даярлау, сондай-ақ мұрағат қызметтерінің инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігін туғызады. Дегенмен біз архив қызметтерінің жұмысын жақсарту және азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірегей мүмкіндіктер ашатын елеулі өзгерістер болатынына сенімдіміз»,- деді Жангелді Бимолдин.

Жиын барысында «Архив: Бүгінгі күн және күтілетін нәтижелер» және «Мемлекеттік ұйымдардың ведомстволық архивтері қызметінің тиімділігін бағалау» тақырыптары талқыланды.

Сонымен қатар архив ісінің дамуына қосқан үлесі мен кәсібилігі үшін бірқатар ведомство қызметкері мен сала ардагерлері марапатталды.

фото: Астана қаласы мемлекеттік архиві