Елорда жаңалықтары

Астана қалалық мәслихатының депутаттары магистранттармен кездесті

Астана қалалық мәслихатының депутаттары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қалалық мәслихатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің басты мақсаты – болашақ мемлекеттік басқару саласының мамандарына өкілді органның қызметін таныстырып, заң шығару тәжірибесі мен қалалық деңгейдегі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісу болды.

Кездесу барысында депутаттар өз қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Атап айтқанда, мәслихаттың сессияларында және тұрақты комиссиялардың отырыстарында шешімдердің қалай әзірленіп, қабылданатыны, атқарушы органдармен өзара іс-қимыл қалай жүзеге асырылатыны, азаматтарды қабылдау кезінде қала тұрғындарын толғандыратын қандай мәселелер жиі көтерілетіні сөз болды. Сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жастар мен кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік салаға бағытталған жобалар мен бастамалар туралы да айтылды.

«Мен үшін бұл кездесу ерекше маңызды болды. Себебі мен тек қалалық мәслихаттың депутаты ғана емес, Мемлекеттік басқару академиясының магистрантымын. Әріптестеріме мәслихаттың жұмысы формалдылық емес, керісінше, қала тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған нақты құрал екенін көрсеткім келді.

Мәслихат -халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ондағы әрбір шешім қаланың дамуына, инфрақұрылымына және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Академияда оқу депутаттық қызметімді тереңірек түсінуге, мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін меңгеруге және осы тәжірибемен болашақ көшбасшылармен бөлісуге мүмкіндік береді», – деді Академия магистранты, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов.

Магистранттар кездесуде талқыланған тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, шешім қабылдау тетіктері, депутаттардың қызметінің ашықтығы, сондай-ақ Президенттің Жолдауын және ұлттық реформаларды іске асырудағы жергілікті өкілді органдардың рөлі жөнінде өзекті сұрақтар қойды.