Астана қалалық мәслихатының депутаттары бірқатар білім беру нысандарын аралады
Астана қалалық мәслихатының депутаттары алдағы сессияға дайындық аясында елорданың кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту тақырыбына арналған бірқатар нысандарды аралады. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Негізгі назар кадрларды мақсатты даярлау мәселелері мен колледждерде білім сапасын арттыруға бағытталған KPI енгізу жұмыстарына аударылды. Депутаттар колледждердің өндірістік базасымен, оқу кабинеттерімен, білім алу жағдайларымен және заманауи жабдықталуымен танысты.
Бұл мәселелердің маңызы Жұмысшы мамандықтары жылы айрықша артып отыр. Бүгінде студенттерді даярлайтын көптеген мамандықтарға сұраныс жоғары – олардың қатарында токарьлар, дәнекерлеушілер, автослесарлар, электромобил мамандары, флористер, тас қалаушылар, аспаздар, байланыс мамандары және басқа да бағыттар бар. Мұндай мамандықтар жас мамандарға болашағына сенімділік пен тұрақты жұмыспен қамтылуға жақсы мүмкіндік береді.
Ертең депутаттар елорданың кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдірудің келесі қадамдарын талқылап, даму қарқынын орнында бағалау үшін оқу орындарын аралауды жалғастырады.