Елорда жаңалықтары

«Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттеріне 34 жыл толды

Елорданың басты үнжариясына айналған  «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің жарық көргеніне 34 жыл толды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олар қаланың тыныс-тіршілігі мен іс-шаралар жайында қалың бұқараға жүйелі жеткізуші, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Бас шаһармен бірге өсіп-өркендеп, оқырманы артқан қос газеттің дизайны да уақыт өткен сайын түрленуде.

Республикалық «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газеттері 1990 жылғы 13 қазаннан бастап жарық көріп келеді. Аптасына 12 беттен 3 рет шығатын басылымның апталық тиражы 15 мың данадан асады.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы –  Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Еркін Қыдыр.

Басылымда қызмет ететін мамандар «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

«Астана ақшамы» газеті елордамыздың төл басылымы десек болады. Газет беттеріне үңілсек, Астана қаласының тарихын түгелдей оқи аласыз. Бүгінгі таңда астаналық газет –  республикамыздың белді басылымдарының бірі. Газет журналистері еліміз бен бас қаламызға қатысты қоғамдық пікір тудыратын өзекті мәселелерді жиі көтереді. Сондай-ақ оқырманға ой салатын қысқа-нұсқа материалдар берумен де ерекшеленеді. Газет тек ақпарат көзі болып қоймай, елордамыздың саяси-әлеуметтік маңызды іс-шараларына белсенді қатысатын рухани-шығармашылық ортаға да айналып отыр», - деді «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков.

Ұжымның табысты еңбегінің арқасында 2018 жылы басылым ҚР Президентінің Алғысын, «Nur Sunqar» ұлттық сыйлығын алды.

Биыл «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша «Үркер-2024» ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымы бойынша газет тілшісі Нұрлат Бәйгенже жеңімпаз атанды.

«Вечерняя Астана» республикалық қоғамдық-саяси газетін тәжірибелі маман, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалінің, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Лариса Увалиева басқарады.

Ұжымда қызмет ететін мамандардың көпшілігі республикалық конкурстардың жеңімпазы. Сонымен қоса, олар құрмет грамоталарымен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Әрдайым халық  үнімен үндес, мұңымен мұңдас, жанымен сырлас қос басылымның өзге газеттерден басты айырмашылығы – түрлі танымдық айдарларында. Осы уақытқа дейін әр айдардың жеке оқырманы қалыптасқан. Бұл қалам ұстаған, саналы ғұмырын газетке арнаған білікті де шығармашыл журналистердің еңбегі.

Қай уақытта  болмасын қалам мен қағазды серік еткендердің жүгі ауыр болған. Мереке күнінде қос басылым ұжымы қызметкерлерінің ойы ұшқыр, жазарлары көп, қаламы қарымды, сөздері өтімді болсын. Күн сайын түрлі тақырыптарға қалам тербеп, халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан  әмбебап әріптестерімізге шабыт пен шығармашылық тілейміз.