Елорда жаңалықтары

Астанаға 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды – Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 317 млрд теңге инвестиция сомасына 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 70 жоба толыққанды жұмыс істеп, 5700-ден астам жұмыс орны ашылды», - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек Олжас Бектеновпен бірге индустриялық парктің өндірістік қуатымен танысты.

«ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновпен бірге индустриялық парктің өндірістік қуатымен таныстық. Мысалы, телекоммуникациялық жабдықтарды шығарумен айналысатын «Digital System Service» ЖШС зауытын араладық. Ауданы 7,5 мың шаршы метр зауыт бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді, дайын өнімді құрастыру мен орауды есептегенде, өндірістің толық циклін қамтамасыз етеді.Сол сияқты магистральдық тепловоздар құрастыратын «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнын араладық. Өндіріс іске қосылған сәттен бастап 611 локомотив құрастырылған, ал локализация деңгейі 75%-ға жетеді. Жобаға 30 млрд теңге инвестицияланып, 750-ге жуық жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасын, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытын араладық», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ әкім Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылғанын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, елдің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнестің үлесі ЖӨӨ құрылымында 72%-ды құрайтынына назар аударған жөн. Осы жылдың 10 айында Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі де 7%-ға артты», - деді Астана қаласының әкімі.