«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының IV пленумы өтті
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге аталған пленумға қатысқаны туралы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – ұйымның биылғы жылға арналған жұмыс жоспары және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар. Бүгінде елордада 140 мыңнан астам зейнеткер, оның ішінде 6 соғыс ардагері және 1 157 тыл еңбеккері тұрады. Өткен жылы Астана қаласы әкімдігі мен мәслихаты бірлесіп әзірлеген «Белсенді ұзақ өмір» кешенді жоспары бекітілді.
Аталған құжат аясында: тегін құқықтық көмек көрсету, қайырымдылық іс-шараларын өткізу, емханаларда арнайы медициналық кабинеттер ашу және басқа да маңызды әлеуметтік бастамалар қарастырылған», - деп жазды ол.
Сондай-ақ ол ардагерлердің өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.