Қаллеки театрының жаңа маусымы «Абай» қойылымымен ашылады
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 15 қыркүйек күні сағат 19.00-де XXXIII жаңа маусымын дәстүр бойынша М. Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашады, деп хабарлады Elorda.info театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
Сондай-ақ «Абай» қойылымы Қарағанды қаласында көрсетіледі.
Қыркүйек айының 19-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышабевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі өтеді. Фестиваль шымылдығы Қаллеки театрының «Абай» қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылады. 25-30 қыркүйек аралығында театр ұжымы «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» (Авт: Ғ.Мүсірепов, Реж: Г.Балпейісова) музыкалық драмасымен Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өтетін КСРО халық артисі Бәкен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған «ART-ORDO - 2023» IX Халықаралық театр фестиваліне қатысады, - деп жазылған хабарламада.
Қазан айының 9-15 күндері аралығында Петропавл қаласында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалi өтеді. Фестиваль мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығын мерекелеу аясында өткiзiледi.