Алкоголь өнімдерін қолдан жасап сатқан шымкенттік ұсталды
Әділет департаменті мен Шымкент қалалық полиция қызметкерлері бірлескен іс-шара барысында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен сатуды ұйымдастырған жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласынан контрафактілік алкогольді өнімдер өндіретін жерасты цехінің жұмысы әшкере болды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Шымкент қалалық Әділет департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері контрафактілік өнімдерді өндірумен айналысқан азаматты анықтады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (бөтеннің тауар белгілерін заңсыз пайдалану) бойынша іс қозғалды.
«Тексеру барысында жерасты цехында спирттік ішімдіктерді құюға арналған құтыда, шығу тегі белгісіз 3 000 литр сұйықтық, сүзгі, құю жабдықтары, «Absolut» тауар белгісі бар 720, «Зеленая марка» тауар белгісі бар 1 400 дана бөтелке қақпақтары тәркіленді», - деді Талғат Уәли.
Қазіргі уақытта әкімшілік істің материалдары сотқа жіберілді.
Әділет министрлігі қазақстандықтарды контрафактілік өнімдерді тұтынудан аулақ болуға шақырады. Контрафактілі өнімдердің құрамында адам денсаулығына зиян келтіруі ықтимал түрлі улы заттар болуы мүмкін екендігін ескертеді.