AI-Sana апталығы: ЕҰУ зерттеушілері AI жобаларын таныстырды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілері AI-Sana апталығы аясында өткен AI Expo көрмесінде жасанды интеллект саласындағы жобаларын ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
AI Expo-да бірқатар ерекше жобалар таныстырылды. Олардың қатарында: ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға арналған «Инклюзивті гид», қазақ тіліндегі мәтінді 3D-аватар арқылы аударатын SignBridge, қоршаған ортаны зиянды заттардан қорғауға арналған жасанды иіс сезу жүйесі (E-nose), дауыстың жалғандығын анықтайтын интеллектуалды жүйе, студенттер мен оқытушыларға арналған цифрлық көмекші E-Curator чат-боты, сондай-ақ онлайн оқытуды дамытуға бағытталған лектор-аватар бар.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков, ЕҰУ цифрландыру проректоры Гүлмира Бекманова, IT саласының мамандары, оқытушылар және астаналық университет студенттері қатысты.
«AI-Sana бағдарламасы аясында шамамен 100 мың студент жоғары технологиялық жобаларға тартылды. Бұл бағдарлама еліміздің 95 университетінде жасанды интеллект пәндерін енгізуге және оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Жақын арада Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Ертеңгі кезең жасанды интеллект дәуірі болады. Егер белсенді жұмыс істесек, халықаралық рейтингтерде көшбасшы боламыз», – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Инклюзивті гид жайлы ЕҰУ цифрлық даму департаментінің бағдарламалық қамтамасыз ету маманы Айбол Тілеухан таныстырды. Жоба көру қабілеті бұзылған адамдарға ғимарат ішінде қауіпсіз бағдарлануға көмектесуге арналған.
«Ғимараттарда әдетте GPS жүйесі жұмыс істемейді, сондықтан құрылғыға объектінің картасы жүктеледі. Құрылғыда орнатылған лазер мен камера QR кодтары арқылы маршрутты жоспарлайды. Пайдаланушының дауыстық командасын қабылдап, арнайы құлаққапқа кері байланыс береді, кедергілер туралы ескертеді. Қазақстанда баламасы жоқ бұл құрылғы 5 сағат бойы автономды жұмыс істей алады, сонымен қатар оның интернетсіз жұмыс істеуі, компактылығы мен қолжетімді бағасы ерекшелігі болып табылады», - деді Айбол Тілеухан.
Көрмеде заманауи AI жобалары көпшілік назарына ұсынылды. E-Curator чат-боты студенттер мен оқытушыларға оқу, жатақхана, құжат рәсімдеу, әлеуметтік қолдау сияқты мәселелер бойынша жедел әрі тәулік бойы қолжетімді көмек көрсетеді. Жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істеп, қызметкерлердің жүктемесін азайтады.
SignBridge жобасы мәтінді қазақ жесттік тіліне 3D-аватар арқылы аударады. Жобада жесттерді тану және компьютерлік көру технологиялары қолданылып, есту қабілеті төмен адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырады.
AI аватар жүйесі мәтін негізінде автоматты түрде видео-лекциялар жасап, аватар арқылы эмоция, мимика және қимылдарды синтездейді. Бұл онлайн оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дауыстың жалғандығын анықтау жүйесі синтетикалық сөйлеуді (TTS, VC) тануға бағытталған. Ол телефон алаяқтықтарының, аудиожазбаларды жалған жасаудың алдын алып, сот сараптамасында және киберқауіпсіздікте қолданылуы мүмкін. Жүйе онлайн-анықтау, аудиофайлдарды талдау және спектрлік карта түрінде визуализациялау мүмкіндіктеріне ие.