Елорда жаңалықтары

АЭС-ке Қазақстанның өз кадрлары дайын

Астанада №3 көпбейінді қалалық ауруханада АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жылу электр, электр энергиясы және ядролық физика саласының мамандары медицина қызметкерлеріне алдағы референдумға қатысу мен Қазақстанда АЭС салудың маңыздылығын түсіндіріп, ғылыми деректер келтіре отырып ақпараттар берді.

Жиынға Астана қаласындағы ЖЭО-2 директоры Уәлихан Асқарбеков, «Астана РЭК» АҚ сенім қызметінің бастығы Болат Жақанов, «Астана РЭК» АҚ күрделі құрылыс қызметі бастығының орынбасары Ғабиден Қанатов, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Юсуф Келигов, Алматы ядролық физика институты Астана филиалының инженері Айнагүл Хаметова қатысты. Электр және жылу энергиясын өндіру саласында 37 жылдық тәжірибесі бар У. Асқарбеков еліміздің энергетика жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін 2 реакторлы бір АЭС салу қажеттілігін айтты.

«АЭС салынар болса, оны жұмысына 2 мыңдай маман керек екен, соның ішінде 400 маман атом реакторына жұмыс істейді. Бізде сол атом реакторынан басқа бөліктері жарты ғасырдан астам уақыт бойына жұмыс істеп тұр. Сондықтан кадр жетіспеушілігі болады деп ойламаймын. Атом саласында бізде 4 оқу орнында мамандар дайындалады. Олар бүгінгі таңда елімізде атом стансасы болмағанымен ядролық отын дайындалатын Үлбі металлургиялық зауытында, біраз бөлігі Алматыдағы, Курчатовтағы және Астанадағы ғылыми ядролық орталықтарда, жылу электр стансаларында жұмыс істеуде», - деді спикер.

Өзге де спикерлер Қазақстанда атом электр стансасын салудың қажеттілігі, оны салуға еліміздің қаншалықты әлеуетті екені, энергиткалық тәуелділікті жоюдағы тиімділігі және басқа маңызды тұстары туралы баяндап, медицина мамандарының сұрақтарына жауап берді.

Райхан Рахметова