Елорда жаңалықтары

«Абай аманаты»: Елордада ақынның өлеңдеріне арналған кеш өтті

«Жастар» театрында Абай күніне арналған мәдени шараларды түйіндеу мақсатында «Абай аманаты» атты кеш өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Аталған кешті Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтау мақсатында өткізілген бұл іс-шараға көрнекті абайтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты мәлімдеді.

Олардың арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева, «Құрмет» орденінің иегері Сүндет Байғожин, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Рысқали, ROYAL квартеті мен айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан сондай-ақ «Жастар театры» ұжымы да өнер көрсетті. Шығармашылық кешті Ұлттық аспаптар ансамблі музыкамен сүйемелдеді.

Аталған кештің шымылдығы «Бала Абай» бейнесюжетімен ашылды. Кейін «Жас Абай», «Дана Абай» бейнесюжеттері көрсетілді. Сонымен қатар Абай әндері орындалды. Ал айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан Абайға арнаған өлеңін айтып, көрермен көңілін көтерді. Сондай-ақ, кеш барысында «Жастар театры» шығармашылық ұжымы «Абай – Тоғжан» спектаклінен үзінді қойды.