Елорда жаңалықтары

Ақсуат колледжінің құрылғанына 65 жыл толды - Берік Уәли

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Бүгін ел жақта тамаша басқосу өтіп жатыр. Туған жеріміздегі «Ақсуат колледжінің» құрылғанына 65 жыл болған екен. Аталған жиынға қатысуға ниетті болғаныммен барудың сәті түспеді.

Президентіміздің пәрменімен Ақсуатқа аудан мәртебесі берілгеннен бастап ауылдағы ағайындарымыздан көңіл қуантар жақсы жаңалықтар жетіп жатыр. Бүгінгі той да соның бір көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы халыққа Жолдауында алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Президент атап өткендей, мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді.

Бүгінгі салтанатты жиында Қайрат Нұрбекұлы бастаған колледж ұжымына арнайы жолдаған құттықтау хатымды аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров тапсырды» , - деді Б.Уәли. 

Сондай-ақ, ол «Ақсуат колледжінің» түлектері арасынан осыған дейін үш бірдей Социалистік Еңбек Ері, қазіргі Парламент Сенатының депутаты, белгілі кәсіпкерлер мен меценаттар шыққанын, қазіргі уақытта да уақыт үдесінен шығатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға үлкен үлес қосып келе жатқанын жазды. 

«Бүгінгі тіршілігімізге қажетті, зәру мамандарды даярлауға үлес қосып, мыңдаған түлекке кәсіптік білім мен дағды беріп келе жатқан ұжымға еңбектері жемісті болсын деймін», - деді ол.