Елорда жаңалықтары

Оқулық бар олқылығы оңалмас…

Оқулықтың олқылығын айтып, қатесін теріп жүрген тек журналис­тер ғана десеңіздер, қателесесіздер. Бүкіл Қазақстанның ата-­аналарының пікірі бір арнадан шығады. Бәрі де балаларының сөмкесінің жыл сайын ауырлағанын, оқулықтардағы кейбір мәтіндерді балаларына түсіндіре алмай қиналатынын, ол аз десеңіз, кітап тілінің тікелей аударма екенін айтып-ақ жүр. Бірақ естір құлақ жоқ. Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілсе «жарайды, түзелер» дер едік. Алайда жағдайдың жақсармай келе жатқанына бірнеше он жылдан асты. Осылайша жауыр болған тақырыпты қопара беріп, біз де зар заман жырауларына айналдық. «Жан-жақтан оқулық нашар деп айта бергеннен түк шықпайды. Орынсыз сынайсыңдар» деді осы істің басы-қасында жүрген көкеміз қарайған халыққа ренжіп. Жоқ, жұрт қатені көргесін, түзелмей жатқан соң айтады. Ал біз сол халықтың мұңын жауапты мекемелер естісе екен деп шырылдаймыз. Егер шынымен де қатесі жоқ, барлығы мінсіз оқулық болса, аққа күйе жағып қайтеміз? Қортықтар еліне айналамыз ба? Әлеуметтік желілерге баласының сөмкесін салып, оны өлшеп, білім саласының бүгінгі жүйесіздігіне налыған ата-ананың қарасы өте көп. Біздіңше, бұл мәселе жай ғана жазылып, әр жерде айтылып қана қоймауы керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен өзгеріс қажет. Біз мына жақта оқулықтың жырын жырлап, сөмке өлшеп жүргенде дамыған елдер мектеп оқушыларының сөмкелеріне де арнайы стандарттар белгілеп қойған. Мысалы, Ресейде сөмкедегі заттың салмағы баланың салмағының оннан бір бөлігі болуы шарт. Ал Америкада бала 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін тек 4 келіге дейін көтереді. Ал біздің елде бастауыш сыныптың оқушысының өзі бұдан екі есе ауыр жүк арқалап жүр. Ең болмағанда, сол ауыр салмақты болдырмаудың жолын да қарастырмайтын немқұрайлылыққа не айтамыз? Әйтпесе, сол елдердегідей сабақ барысында пайдаланылатын негізгі оқулықтарды мектептегі оқушылардың жеке сөрелеріне қалдырып, мектептерде үй жұмысы топтастырылған арнайы конверттер таратылса да болар еді. Күніне 5 келіден артық сөмке көтеретін балалардың омыртқа жотасы қисаймай қайда барады? Бірінші сыныпты аттаған бүлдіршіндердің иығы көп ұзамай жауыр болады. Сөмкесіндегі «реформаланған» оқулықтардың салмағы бойларын өсірмейді. Қазақстан қортықтар еліне айнала бастаса, себебін мектептен көріңіз. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары бүкірейген ұрпақ көбейген. Бұл да – болашақта туындайтын үлкен мәселелердің бірі. Ал осыған не кінәлі? Әрине, кітаптың санының көбейгендігі, қосымша дәптерлердің қаптағаны кінәлі. Ауруын жасырған өледі «Ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар халық арасында. Қазіргі оқулық бойынша туындап жатқан проблемаларға көз жұмып қараған сайын тығырыққа тірелеріміз сөзсіз. Оқулықтағы қателер қай пәннен көп кетеді? Жиі қайталанатын қателер қандай? Қатеге қай мекеме жауапты? Осы және өзге де сұрақтарды талдап, ел арасында сауалнама жүргізіп те көрдік. Барлық пәннен қате кетеді деу – ағаттық. Оқулықтағы қателердің өзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олар, мағынасыз аудармалар, шешуі қате есептер, логикалық және грамматикалық қателер, дұрыс емес сызбалар. Ең әуелі мағынасыз аудармаға зер салып көрейік. Аудармалардың басым көпшілігі терминдерді аударудан кетіп жатады. Мысалы, 2013 жылғы бұйрық бойынша терминдердің басым бөлігінің қазақша баламасы енгізілген. Бірақ оқулықтарда онкологиялық аурулар – ісік аурулары, кардио­логия – жүрек-қан тамырлары аурулары, неврологиялық – жүйке аурулары, рак – қандық уылма (жаман ауру), рецепт – шипашақ деп неге берілмейді екен? Бірнеше жыл бұрын «Алматыкітап баспасы» шығарған 3-сыныпқа арналған «Математика» пәнінде 7-ні 4-ке көбейткенде «27» деген қателік анықталып, видео түрінде әлеуметтік желілерде таралып кеткен еді. Баспа оқулықта келтірілген Пифагор кестесінде жіберілген қате кітапты басып шығару кезінде техникалық себептерге байланысты орын алғандығын ашық мойындаған. Жіберілген қате аталған оқулықтың келесі таралымдарында түзетілетінін айтып, баспа және оқулық авторларының атынан халықтан кешірім сұраған еді. Ал кейбір баспалар оқулықтан кеткен қателерді мойындаудан бас тартады. Математикалық графиктер мен есептерден кететін қатеден көз сүрінеді. Тағы бір қате, 4-сыныптың «Әдебиеттік оқулық» кітабында Шоқан Уәлихановты 1983 жылы қайтыс болды деп жазған. Небәрі отыз-ақ жасында аққан жұлдыздың өмірбаянын қате көрсету – үлкен сорақылық. Ол аз десеңіз, Сапарғали Бегалиннің суреті берілген тұсқа осы Шоқан Уәлихановтың есімі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Осыдан-ақ төменгі сыныптың оқулықтарын шығаруға деген құлықсыздықты байқауға болады. Қатені түзетіп, қайталамаудың орнына жыл өткен сайын үдете түсуде. Тіпті мазмұн мен мағына жағынан қате кетіруге көз жұма қарау мүмкін емес. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларының гуманитарлық пәндерінде бір тақырып 15-16 бетке дейін созылып кеткен. Мұндай шұбалаңқы ақпарат – бала миына қорытуға ауыр және тез жалықтыратын, сол пәнге деген қызығушылығын төмендететін жағдай. Ең сорақысы, қателер «Қазақ әдебиеті» оқулығында да өріп жүр. 9-сынып хрестоматиясындағы Қамбар батыр жырында сүйген жары Назымды батырға арақ пен шылым шеккізген жеңілтек қыз ретінде суреттейді. Бірақ, сол кездегі қоғамның осы тақырып төңірегіндегі дау-дамайынан «Мектеп» баспасы аман құтылып кеткен еді. Депутаттар осы жағдайлардан кейін «оқулықтарда қате көп жіберетін министрлікке бюджеттен ақша бөлмеу керек» деген болатын. Бірақ болашақ ұрпағымыздан аяғанды ит жесін дер еді қазақ халқы. Жыл сайын қаншама миллиард өз ісіне жауапсыз сала мамандарының қалтасына кетіп жатыр. «Қазақстан тарихы» пәнінің оқулығына тағылатын сын көп. Тарихи тұлғалардың өмірі, хронологиясы мен еңбектерінде көп қателер кеткен. «Орыс әдебиеті» оқулығын парақтасақ, қарапайым қателер өріп жүр. Физикада да солай. Есептің көрсетілген жауабы – теріс. Мысалы, мұнда бір есепте шешімі – 0,24 деп көрсетілген. Дұрысында, 0,27 деген сан шығуы керек. География оқулығында карталарда қателер бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мағынасына сай емес, мәтінді сөзбе-сөз аудару көп кездеседі. Балалар сол бойынша қатеге үйреніп жатыр. Төл оқулық туа ма? «Ұлым бірінші сыныпта оқып жүр. Оқулықтарында «пицца» туралы жазылған мәтін бар. Тіпті көп тақырыптары осындай, шетелдік мультфильмнің тақырыптары сияқты. Жеңіл-желпі қойыла салған. Жаңадан мыңдаған данамен шыққан оқулықтың мазмұны тар, салмағы ауыр. Оқулықты дайындағандардың жауапкершілікпен қарамайтыны көрініп тұр. Министр ауысқан сайын, оқулықтар да мың құбылып реформаланады. Бірнеше жыл бұрын дүние жүзі картасында Қазақстанның Ресей құрамына кіріп кеткенін де көрдік. Қарапайым ата-ана болсам да, бітпейтін оқулықтың жыры шаршатты. Балаларымның болашағына алаңдаған соң күйінемін. Оқулықтар білікті маманның қолынан өтсе екен деймін. Бірақ күмәнім көп» дейді елорда тұрғыны Риза Сейфоллаева. Оның айтуынша, бастауыш сыныпта оқитын баласының сабақ қарауына көмектескенде кейбір тапсырмаларды түсінбей қатты қиналады екен. «Әсіресе, математика пәні. Бірінші сыныптың баласына кесінді, сәуле, пирамида, тіктөртбұрыш секілді ұғымдарды меңгеру әлі ерте. Тым күрделі. Ұстазына айтсам, маған да қиын деп қысқаша қайырады» деп күйінді ол. Ата-аналардың көбі «WhatsApp» желісінде топ құрып, тым күрделі есептер мен мәтіндерді бір-бірінен сұрап жүр екен. Сонымен қатар мұғалімдердің ғылыми жұмыс, реферат деген тапсыр­малары да бар. Жасыратыны жоқ, балалар интернет арқылы дайын мәтінді көшіріп, шығарып апарып береді. Дәл бұлай жалғаса беретін болса, ертеңгі болашағымыз деп сенген балалар елімізді қай ұшпаққа шығарады? Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмауы керек. Отыз жылда өзіміздің төл оқулықтарымызды шығара алмай келеміз. Оқулықты анадан алып бір, мынадан алып бір толтыра салғанмен, оның өтеуі оңай болмайды. Бір оқулық мыңдаған баланың миын улайды. Осы тұрғыда білім жүйесіне ұлттық стандарт керек екенін айтудан жалықпаймыз. Пасха мен масленица неғып жүр? Көптің көкейінде жүрген оқулық мәселесі депутаттардың да құлағына жетіпті. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова әлеу­меттік желідегі парақшасына «Оқулықта қазақтың ұлттық дәстүрі ретінде пасха мен масленница неге жүр?» деп үндеу жариялады. Желідегі депутаттың жан айқайы бірнеше сағатта кең тарап, халықтың қызу талқысына түсті. «Бұл кітаптар – қазақ мектептеріндегі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтар. Білім және ғылым министрлігі сараптамасының оң қорытындысын алып оқыту бағдарламасына енгізілген. Кітап Қазақстан мектептері үшін даярланса да, тұтастай аударылып беріле салған. Экспресс Паблишин баспасы шығарған. Яғни, елдегі бағдарлама емес. Бірден өзге елдің идеологиясын сіңіру. Суреттерден көріп отырғандарыңыздай, екі-үш мемлекеттің туымен, сол елдерге тән ерекшеліктермен қойылған суреттерде өз елінде өгейлік көргендей, Қазақстан үнемі ең соңында, төменгі жағына орналастырылған. Тағы бір мәселе, кітаптардың өн бойында қазақ балаларының келбеті бұрмаланып, сайқымазақ сияқты салынғаны несі деген сұрақ туындайды. Бір жерінде тұлымын желбіретіп, басын тақырлап салса, енді бірде ернін бояп қояды, енді бірде қазақы көйлектегі ұл бейнесінде береді. Екінші сыныпқа арналған оқулықта қазақтың ұлттық тағамы ретінде лағманды көрсетсе, ұлттық дәстүріміздің ішінде пасха мен масленница неге жүр? Бұл енді шектен шыққандық! Адамның дене мүшелерін таныстырғанда, шашы жалбыраған адамның ұсқынсыз суретінен шошып та кетесің. Кітаптың өне-бойында бала ұғымына, психологиясына кері әсер ететін, қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеология­сын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Осылайша, тере берсең, шыға береді» дейді депутат. Иә, ұлт болашағына жасалып жатқан мұндай қиянатқа кім жауап береді?.. Аймағамбетов Аймановтай болар ма? Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам бүгінде 1960 жылдары Білім министрі болған Кенжалы Аймановтай азаматты жиі ауызға алады. Қарапайым ұстаздықтан бастап, білім саласының тізгінін ұстаған білікті басшы өз заманында осы оқу жүйесіне оң өзгерістер әкелді. Оқулықтарды парақтап отырып, тұтас оқып жүріпті. Оқулық жазатын ғалымдармен сөйлесіп, тапсырма беруден де жалықпаған. «Баланың миына салмақ салмау үшін оқулықтарда негізгі құндылықтарды ғана сақтау керек» деп ескерте береді екен. Тіпті баланың бел омыртқасы майысып кетпеу үшін кітаптың мұқабасы мен парақтарының салмағын есептетіп шығартқан деседі. Ал бүгінгінің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов биліктегі алғашқы жылында, педагогтардың дәстүрлі тамыз жиынында жаңа шыққан оқулықтарды үйі­не апарып, бірнеше күн қарап шыққанын айтты. Министр мырза оқулықтардан қателер тауып, бұл бассыздықтың алдын алу шараларын жүргізуге дабыл қақты. Ел Аймағамбетовтың осы шешімінен көп үміт күтті. «Естір құлақ бар екен ғой» деп елең етті. Кейін де еліміздің бірінші педагогы оқулық шығаратын авторлар мен сарапшыларды жинап, бірнеше мәрте кездесу өткізді. Одан бері де арада 2-3 жыл өтті. Бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері жамалар деген жыртығымыз сол күйінде. Кезіндегі Аймановтың бойындағы жауапкершілік бүгінгі Аймағамбетовтың бойында болса, білім саласының бір жүйеге түсер кезі келді емес пе? Тақырыбымызға тұздық болсын деп, әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамамызға мұғалімдерден келіп түскен пікірлердің бірнешеуін ұсынып отырмыз. Тұрған БҰҚАБАЕВА: – Ағылшын тілі пәнінің оқулықтары өте күрделі. Бастауыш сыныптарда берілген суреттер оғаш салынған. Қазақ баласының бейнесі! Берілген тақырыптар да күрделі. Жүйелілік жоқ. Балқия ИБРАГИМОВА: – Жалпы бастауыш сыныптың оқулықтары түсініксіз, бала түгілі үлкендердің миы шайқалады. «Жаратылыстану», «Дүниетану» деген кітаптарында не жазылғанын авторлары ғана түсінетін шығар. «Математика», «Қазақ тілі» дегендерді оқыған балаларды Құдай аясын. Баланың бәрі бірдей данышпан болып тумайды. Мынадай оқулықтармен оқытқан мұғалімдерге де, оқушыларға да обал. Қазақша оқытамын деп баламды дүбәра қылғанша, орысша оқытпаған екенмін деп ойлаймын. Қуаныш МАҚТИЕВ: – Оқулық мәселесін дұрыс көтеріп отырсыз. «Тарих» оқулығы, 6-сыныптан басқасы, талапқа сай емес. Қасаң тілмен жазылған, оқушыны тартпайды, қызықсыз. Қатып қалған ресми сөздер. Баланың бетін бірден қайтарады, ынтасын жояды, ықыласын жоққа шығарады. Мариям КЕНЖЕҒАЛИЕВА: – Орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиетін біріктірген екен, пәнді пәндік қасиетін жоймай жасауға неліктен мүмкіндік болмады? Түсінбейміз. Грамматика біресе сөз таптары, біресе құрмалас сөйлем – бірізділік қайда? Бұрын фонетика, лексика, морфология болып, практикалық жұмыстарымен оқығанда бала құйып алатын. Ал қазір бүгін – сан есім, келесі күні – салалас құрмалас сөйлемнің ыңғайлас салалас түрі. Қазіргі тақырыптар балаларға қызықсыз, оқығысы келмейді. Кілең астрономияның тақырыптары, жылу энергетикасы, конституция т.б. Қанша жерден шетелдің бағдарламасына көшсек те, ел екенімізді, қазақ деген халық екенімізді ұмытпауымыз керек қой. Қымбат НАСЫРОВА: – 10 сынып «Биологиясына» көңілім толмайды. Қате демеймін, бірақ оқушының миына қонымсыз, медициналық универдің тақырыптарын салған, оқушыға түсініксіз. Мен білсем, ондай тақырыптарды студенттер практикамен ұштас­тырғанда түсінеді. Ал жоғары сыныптың биологиясына ғылыми практика не үшін керек? Гүлзат ҚЫДЫРБЕКОВА: – Бастауыш сыныптың оқулықтары да дұрыс жазылмаған. Бала түгілі мұғалім сұрақтары мен есеп шығару амалдарын түсінбей қаламыз. Сөздері, сұрақтары күрделі, өте күрделі, бұрмалап тастаған. Оған қарағанда орыс тілін бір оқысаң, түсініп аласың. Қазақ тілінде де ережелерді майдалап, бұрмалап тас­таған. Математикадан логикалық сұрақпен есептер өте көп. Баланың миына кіріп шықпайды. Сұмдық деп айтсам да болады. Қазіргі шығарып отырған кітаптарға мүлдем көңілім толмайды. Асия САХОВА: – 5-сыныптың «Қазақ тілі мен әдебиетін» өте жүйесіз жазылған оқулық десе де болады. Ғылыми керек емес, ауыр тақырыптар жазылған. Қарның ашады көріп. Грамматика басты назарда емес. Мәтін мағынасыз. Сөз таптары (зат есім, сын есім, сан есім) беріледі де, аяқсыз қалып, төл сөз бен автор сөзіне бірден өтіп кетеді. Бұл баланы шатастыру болып саналады. Грамматика орны- орнымен берілмеген. Тақырып қызықсыз. Жаратылыстану, астрономия сабағына еніп кеткендей боласың. Гүлбану ҚАЖАМЕТОВА: – 5-сыныптың «Жаратылыстануында» «нан дақылдарын мұнайдан алады» дегенді көріп шалқамнан түскенмін. 2-сыныптың қазақ тілі кітабында да қате өте көп. Осы уақытқа дейінгі кітаптарда қазіргідей қате болмаған. Еркін ЕЛАМАНОВ: – 9 сынып «Химия» тапсырмалары мен жаттығулары өтілген тақырыпқа сəйкес келмейді, қателер көп. Оқушыға түсініксіз жазылған. Бейбітгүл АСҚАРОВА: – Оқулық деген аты ғана. Барлық сыныптардың оқулықтарын оқу қиын. Бала мүлде ұқпайды. Жоғарғы математиканың барлығын баланың миын қатырып мектеп бағдарламасына енгізудің не қажеті болды екен?!

Көктем ҚАРҚЫН

-->