Жансая Көпбаева: «Наурыз-думан» бейнебаяны – жан-жақта жүрген қандастарымызға қара шаңырақтың тартуы
– Сәл алға озып, жалпы Наурыз тақырыбына алғаш рет қалай келгенімді айтып өткенім жөн болар. Біреуге қызық, біреуге күлкілі көрінер. Осыдан 7 жыл бұрын түс көріп, шошып ояндым. Түсім Наурыз бен көжеге байланысты болды. Содан іштей «жоқ, Наурыз тек көжемен ғана байланысты емес» деп ойладым да, Наурыздың басқа қырларын, құндылығын көрсету мақсатында іздене бастадым. Сол ізденістің нәтижесінде 2014 жылы «Төрлет, Наурыз!» деген бейнебаян түсірдік. Ол жұмысымыз халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды. Араға бірер жыл салып, 2017 жылы осы тақырыпқа қайтып оралдым. «Наурыз келді десейші» деген дүниеміз жарыққа шықты. Содан 2019 жылдың ақпан айының басында елордадағы 5 бала өрттің салдарынан көз жұмған кездерде «Хабар» агенттігіне барып, Ринат Кертаевқа халықтың еңсесін көтеру мақсатында тыңнан бір дүние жасасақ деген ұсынысымды айттым. Содан телеарна тарапынан бұл жоба қолдау тауып, «Жаңа күн» атты шығармамыз көрерменге жол тартты. Онда эстрада, дәстүрлі ән сияқты жеті түрлі музыка тоғысты. Кейбір сарапшылар бұған дейінгі тәжірибеде мұндай болмағанын айтып, жоғары бағасын беріп жатты. Ал осы жолы «Наурыз-думан» әніне бейнебаян түсіру идеясы былтыр жазда карантин күшейіп тұрған кезде келді. Қол бос, ойлануға уақыт жетеді, оның үстіне ел-жұртпен, түрлі саладағы таныс-бейтаныс адамдармен онлайн сөйлесіп, пікірлесуге мүмкіндік мол болды. Сондай күндердің бірінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына дайындық елеусіз өтіп жатқандай көрінді. Содан көп ойландым. 9 ақпан күні Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына «осы Мұқаңның шығармасын неге жаңғыртпасқа?» деген ой келді. Өйткені ол Кеңес Одағы кезінде 1926 жылдан бастап тойланбай, ұмыт болып бара жатқан Наурыз туралы деректі тауып, 1970 жылдары «Наурыз айы туғанда Той болушы еді бұл маңда...» деп өлең жазды. Осы өлеңге «Әлияны», «Атамекенді» шырқап жүрген қазақтың Розасы, Роза Рымбаева 1988 жылы композитор Талғат Сарыбаевқа арнайы ән жаздыртты. Содан бері бұл ән кеңінен тарап, тіпті халық әні сияқты сипатқа ие болды. Жалпы, расында да Наурыз – бүкіл әлемнің мерекесі ғой негізі. Оны тарихшылар дәлелдей алады. Біздің тарихымыз «Абылайдың заманы», «Кенесарының заманы», «Тәуке ханның заманы» деген сияқты тұлғалармен аталады ғой. Яғни дара тұлғаларға баймыз. Тұлғаларымызбен еңсемізді тіктейміз. Сол сияқты Мұқаң да, Мұқағали Мақатаев – қайталанбас тұлға. Марқұм композитор Талғат Сарыбаев та жақсы адам еді. Роза Рымбаева неге тұрады десеңізші. Мен Роза ханымды бөлекше көремін, басқаша танимын. Міне, көрдіңіз бе? Осындай аттары аңызға айналған тұлғалардың жандүниесін жарып шыққан туындыға неге бейнебаян түсірмеске деген байламға келдім. Осынау тарихи әнге 32 жылдан бері бірде-бір бейнебаян түсірілмепті. Мен оны монтаж аяқталғаннан кейін бірақ естідім. Айта кету керек, осы және оның алдындағы бірқатар жобама қолдау көрсеткені үшін «Хабар агенттігіне» алғысым шексіз. – Бейнебаяндағы әншілер құрамы қалай таңдалды?
– Бұл әннің әу бастан бірден-бір орындаушысы Роза Қуанышқызы. Ол кісінің бейнебаяндағы образы – кейуана. «Отан да – ана, жер де – ана» дейді қазақта. Сондықтан қалған жас әншілер – кейуананың балалары. Ал Кеңес Одағы кезінің өзінде өнер елшісі ретінде қазақты шетелге танытқан, бүгінде халық әртісі Роза Рымбаева кейуана кейпінде болса, оның балаларының рөлінде кімдер болуы мүмкін?! Әрине, олар да бүгінде Қазақстанның атын халықаралық байқауларда асқақтатып жүрген әншілер болуы керек. Бұл біз үшін өте маңызды болды. Мен бәрін ой елегінен өткізіп, бұл жобаға тас түйін дайын болған соң Роза ханымға хабарласып, халықаралық байқауларға қатысып жүрген жас әншілер ӘMRE, AYREE, Қарақат Башанова, Ержан Максимдерді ұсындым. Ол кісі бірден келісіп, бұл тізімге Мәди Сыздықовты да қостырды. Одан кейін Роза Қуанышқызы осы балаларды үйіне қонаққа шақырып, өз қолымен дайындаған астан дәм татырды. «Бұл жерде Димаш балам ғана жетіспей тұр екен», - деді Роза Қуанышқызы.
Бұл жобада менің жолым болды. Кілең өз ісінің шеберлері, кәсіби мамандар жұмыс істеді. Мысалы, Болат Сүлеевтің шәкірті, ешкімге бейнебаян түсірмейтін кино операторы Еркінбек Пітірәлиев біздің бейнебанды түсірді. Роза Қуанышқызының түрткі болуымен Әли Оқапов та бізбен бірге жұмыс істеп, әннің аранжировкасын жасады. Оның өте білікті маман екеніне осы жолы көзім жетті. Әли тектінің тұяғы ғой. Жақсы тәрбие көргені байқалып тұрады. Ал бейнебаянның бояуын, түсін өңдеген Нұртас Мамытбаев. Ол да қазақылықты бойына сіңірген мықты маман. Сондай-ақ бізбен бірге жұмыс істеуге ең мықты зергер Берік Әлібай да келді.
Бұл – жалпы командалық жұмыс қой. Осы ретте бізге зор қолдау көрсеткені үшін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрына, Жастар театрына, Berik Alibai, Aigul Line, Qazaq-oner, Aida Kaumenova, Gulnara Kassym, Argymaq, Rixos President Astana, Nomad ансамблі, Kinorent Benefit.Nur және басқа да ұйымдар мен азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз.
– Жалпы, бейнебаянда қазақылықтың иісі аңқып тұр. Дегенмен қандай салт-дәстүрді ашып көрсеткіңіз келді?
– Ұлыстың ұлы күні Наурыз туралы болғандықтан, бұл жерде біз ұлттық құндылықтарымызды барынша насихаттауға тырыстық. Мысалы, образдар туралы айтатын болсақ, Роза Рымбаева – кейуана.
Ал Қарақат Башанованың образы – Ұмай ананың жас кезіндегі бейнесі. Оның қолындағы от Наурызда айтылатын «Бәле-жала жерге енсін, қайда барса да жол болсын!» деген тілектің мағынасын білдіреді.
Бейнебаянда қыз баланың қолына жүзік тағатын жері бар. Ол – отбасылық құндылық. Яғни көктем кезі махаббаттың белгісі ғой. Қыдыр атаның рөлін Ержан Нұрымбет есімді актер сомдады. Қыз баланың рөліне Қалибек Қуанышбаев театрының актрисасы Инабат Әбенованы театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбаевтың нұсқауымен шақырттық. Өйткені бізге Меруерт Өтекешованың бейнесімен танылған Қыз Жібектің қазіргі заманғы образын шығару керек болды. Ержан Максимнің образы – Абайдың бала кезі. Мәди Сыздықовтың образынан кімді танығанын көрермен өзі пайымдай жатар.
Бейнебаянның алғашқы үш кадрында қазақтың карантиндегі жағдайы көрсетілді. Ал ең соңындағы кадр дөңгелектің төбесіне қарай көтеріледі. Дөңгелектің ортасында тек кейуана ғана көрініп тұрады. Қалған образдағылар кейуаны төрт жақтан қоршап тұрады. Бұл дегеніміз – дөңгеленген дүние, бір жағы қазақтың киелі шаңырағы. Ал төрт жақта тұрғандар… Бәрін ашып айта бермей, мұны да көрерменнің шығармашылық қиял еркіне қалдырғаным жөн шығар.
– Түсірілім қай қалада өтті?
– Түсірілім елордадағы Қалибек Қуанышбаев театрында өтті. Түстен кейін кіріп, таңға қарай бірақ шықтық.
Айта кету керек, бұл шығарманың артында өз әкем Жаңылхан Көпбаев, ұстазым Әкім аға Тарази, жиен ағам Мұхтар Мағауин, досым-сырласым Зира Наурызбаева тұр. Менің төрттігім – осы.
– Ал енді бейнебаяндағы кейбір фрагментке тоқталып өтейікші. Мысалы, ең басында Наурызбен бірнеше тілде құттықтау айтылады. Одан кейін ұлттық киіммен тарихи образдарды сомдайтын әншілер арасында заманауи киіммен де ән шырқайды. Оның себебі неде?
– Иә, ең басында әлемдік ЮНЕСКО ұйымына енген 12 тілде Наурызбен жұртшылықты құттықтайды. Бұл дегеніміз Наурыздың жалпы халықтық мереке екенін білдіріп тұр. Сонымен қатар бейнебаянда үш шақ, яғни өткен шақ, қазіргі шақ және болашақ баяндалады. Әншілердің тарихти кейіпкерлерді сомдап тұрып, арасында заманауи киіммен ән шырқап кетуінің себебі осында. Одан кейін ортасында кейуананың бата беру рәсімі мен жас әншілердің тілек айту сөздеріне де аса мән берілді. Әли Оқапов әннің аранжировкасын жасаған кезде бұл сөздер туралы онымен біраз талқыладық. Ал кейіпкерлер туралы жоғарыда айттым.
– Тарихи әнге түсірілген қазақы бояуы қанық бейнебаянның көзі қарақты көрерменнің жоғары бағалап жатқанын байқадық. Ал сарапшылар қандай пікірін айтуда?
– Жалпы, мен бұл бейнебаян арқылы қазақтың өз дүниесінің шаңын сүртіп, жарқыратып, өзіне бергендеймін. 21 наурыз күні түнгі сағат 00.00-де өзімнің YouTube арнамда осы бейнебаянның тұсаукесерін жасадым. Мұны көргеннен кейін кері байланыс көп болды. Біраз қандасымыз тіпті жылап хабарласып, рақметтерін айтты. Бейнебаян шетелдерде жүрген қандастарымызға біздің, яғни қара шаңырақтың тартуы іспетті болғандай. Бірақ мен бұлай болады деп жоспарламаған едім. Құдай өзі реттеп қойған сияқты. Мен тек ойымды жүзеге асырып келемін.
Ал сарапшыларға келсек, шетелдік әріптестеріміз де пайымды пікірлерін білдіріп жатыр. Мысалы, түріктің белгілі кинорежиссері Назиф Тунч Twitter парақшасында біздің осы бейнебаян туралы пікірін білдіріпті. Ол бұған дейін біздің операторымыз Еркінбек Пітірәлиевпен жұмыс істескен болса керек. Бейнебаянымыз туралы Еркінбектің Instagram-дағы жазбасынан танысқан тәрізді. Содан бұл жайлы естіген түрік біздің жұмысымызға ризашылықтарын білдіріп жатыр екен.
Сонымен қатар Ресейдің медиа саласының білікті маманы, «Санкт-Петербург» телеарнасы бас директорының кеңесшісі, MediaBrand-тің бас менеджері, Мәскеу қаласында тұратын Регина Юркина да Facebook парақшасында біздің осы бейнебаянымыз туралы пікірін білдіріп, өзінің бізге, қазақ халқына деген жылы лебізін жолдапты.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– (жымиды) «Арық сөйлеп, семіз шық» деген. Сондықтан алдағы жоспарлар туралы әзірге айтпай-ақ қойғаным дұрыс болар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
https://www.youtube.com/watch?v=1s3DN295K8M