650 жолаушыға дейін сыйдыра алады: Қытайдан Астанаға LRT вагондарының алғашқы легі жіберілді
Қытайдың Таншань қаласында Астанаға LRT вагондарының алғашқы екі құрамын жөнелту рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz CTS компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, Таншань қаласындағы зауытта жоба аясында барлығы 19 жылжымалы құрам өндіріледі.
Заманауи, төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыға дейін сыйдыра алады.
«Астанаға алғашқы екі құрамды жеткізу 2025 жылдың маусым айына жоспарланған. Қалған 17 құрам осы жылдың соңына дейін жеткізіледі. Желіні сынақтан өткізуді бастау қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Астанадағы LRT жобасы аясында құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жол төсеу, станциялар қасбетін монтаждау, эстакаданың тіректері мен арқалықтарын сырлау, сыртқы инженерлік желілерді қосу, эстакада асты аймағын абаттандыру және депо құрылысы жұмыстары жалғасып жатыр», - дейді компания өкілдері.