300-ден астам астаналық жас көркем гимнасшы қала чемпионатында бақ сынауда
Бүгін елорда төрінде көркем гимнастикадан дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қалалық чемпионат басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
28-30 тамыз күндері аралығында «Көркем гимнастика» орталығында 2013-2018 жылдары дүниеге келген жас спортшылар топтық және жекелей сайыстар бойынша үздіктер анықталады.
«Қалалық чемпионат бір жылдың ішінде 3 мәрте ұйымдастырылады. Осы жарыс арқылы үздіктерді іріктеп, мықтыларды республикалық бәсекелерге қатысуға жолдама береміз. 3 күнге жалғасатын додада үздік 6 спортшы Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Дәл қазіргі сәтте фавориттерді айту – өте қиын. Біріншіден, бұған дейін осы санаттағы жасөспірімдер басқа санатқа ауысты және жаңадан қыздар қосылды. Екіншіден, қаламызда көркем гимнастикаға деген қызығушылық – өте жоғары. Осы спорт түрінен 20-ға жуық мектептің болуы – соның айқын дәлелі. Астана қаласы тек елімізде ғана емес, халықаралық турнирлерде де бәсекеге түсе алатын жастарды шығарып жатыр. Алдағы уақытта көркем гимнастиканы кеңінен танытып, жас буындарды дайындауды тоқтатпаймыз», - деді Астана қаласының Көркем гимнастика федерациясы президентінің міндетін атқарушы Әсел Мұстафина.
Айта кетейік, қалалық чемпионатқа 315 спортшы қатысып жатыр.