Елорда жаңалықтары

"25-30 жастағы азаматтар да кардиолог көмегіне мұқтаж": астаналық кардиолог

6 шілде – Дүниежүзілік кардиология күні. Бұл маңызды дата алғаш рет 2000 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен белгіленген. Осыған орай, біз ҚР ПІБ МО ауруханасының бірінші санатты кардиологі Ақмарал Молдажановамен сұхбаттасып, мамандығының қыр-сыры, жүрек-қантамыр аурулары, емдеу тәсілдеріне қатысты маңызды сұрақтарға жауап алдық. Сондай-ақ, дәрігер ҚР ПІБ МО ауруханасында осы дертке шалдыққан науқастарға қандай көмек көрсетілетіні туралы толық мәлімет берді.

- Сіз үшін кардиология мамандығының ең қызық және қиын жақтары қандай?

- Кардиология – үнемі сергектік пен зейін талап ететін сала. Ең қызық жағы – жүрек ешқашан жай ауырып қоймайды, оған не себеп болғанын айтып тұрады. Диагностика жүргізу маған бір детектив секілді көрінеді: шағымдарды, тексеру нәтижелерін, өмір салтын саралап, дұрыс шешім қабылдау керек.

Ал қиын жағы – жауапкершіліктің жоғары болуы. Себебі кейде санаулы минуттарда шешім қабылдау керек. Сонымен қатар, науқастың сенімін ақтау – үлкен міндет. Бірақ дәл осы жауапкершілік мені шабыттандырады.

- Жастар арасында жүрек ауруларының көбейгені байқала ма? Оның себебі қандай?

- Иә, өкінішке қарай, кейінгі жылдары жастар арасында жүрек-қантамыр аурулары жиілеп барады. Бұрын мұндай диагноздар жасы келген адамдарда кездессе, бүгінде 25–30 жастағы азаматтар да кардиолог көмегіне жүгінеді.

Бұл жағдайдың негізгі себептері – стресс, ұйқының бұзылуы, физикалық белсенділіктің аздығы, дұрыс тамақтанбау және зиян әдеттер. Қазіргі өмір ырғағы тым жылдам, ал жас организм мұндай жүктемеге үнемі дайын бола бермейді. Осы факторлар қосыла келе жүрекке күш түсіреді.

- Жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығудың басты факторлары қандай? Қай аурулар жүрек жұмысын нашарлатады?

- Жүрек-қан тамыры ауруларының туындауына себеп болатын бірнеше факторды атап өтуге болады. Олардың қатарында гипертония, холестерин деңгейінің жоғары болуы, шылым шегу, қант диабеті, артық салмақ пен семіздік, физикалық белсенділіктің аз болуы, дұрыс тамақтанбау, жас ерекшелігі, тұқымқуалаушылық, созылмалы күйзеліс пен психоәлеуметтік факторлар бар. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек:

  1. Гипертония (қан қысымының жоғары болуы) жүрекке түсетін жүктемені арттырып, артерияның зақымдануына әкелуі мүмкін.
  2. Холестерин деңгейінің жоғары болуы – артерияда түйіншек тудырып, салдарынан қан ағысы төмендеп, атеросклерозға шалдығу қаупі артады.
  3. Шылым шегу қан қысымын көтереді. Артерияның тарылуына әкеп соғып, қаның ұйып қалу қаупін жоғарылатады.
  4. Қант диабеті: Қандағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы жүректі бақылап отыратын қан тамырлары мен жүйке жүйесін зақымдауы ықтимал.
  5. Артық салмақ пен семіздік жүрекке түсетін жүктемені көбейтіп, қан қысымының жоғарылауына, диабет пен дислипидемияға әкеп соғуы мүмкін.
  6. Физикалық белсенділіктің төмендігі семіздік, гипертония, диабет пен дислипидемия қаупін көбейтеді.
  7. Дұрыс тамақтанбау: Қаныққан май, трансмай, тұз бен қантты көп пайдалану жүрек-қан тамыры ауруларының туындау қаупін арттырады.
  8. Жас ерекшелігі: Жас ұлғайған сайын жүрек-қан тамырлары ауруы туындау қаупі артады.
  9. Тұқымқуалаушылық: Отбасы мүшелерінде жүрек-қан тамыры ауруларының болуы – оның туындау қаупін арттырады.
  10.  Созылмалы күйзеліс пен психоәлеуметтік факторлар гипертония мен басқа да қауіпті факторларды туындатуы ықтимал.

Жүректің жұмысын нашарлататын аурулар қатарында жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, жүректің гипертониялық ауруы, кардиомиопатиялар, жүрек ақаулары, миокардит, яғни жүрек бұлшықетінің қабынуы, перикардит – жүрек қабығының қабынуы, аритмия бар. 

Мұндай факторлар мен сырқаттар жүрек пен қантамыр жүйесінің саулығына айтарлықтай әсер ететіндіктен, оны уақытылы анықтап, ем алған абзал.

- Жүрекке қай спорт түрі ерекше пайдалы? 

- Жүрекке аэробты спорт түрлері оң әсер етеді. Олардың бірнешеуіне тоқталып өтейін. Мәселен, жүгіру мен джоггинг жүрек-қантамыр жүйесінің төзімділігін жақсартып, салмақты бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі. Ал жүзу барлық бұлшықеттің және жүрек пен өкпенің жұмысын жақсартады. Сонымен қатар буындар үшін де өте пайдалы.

Қолжетімді спорт түрінің бірі – жылдам жүру. Оған арнайы құралдардың қажеті жоқ және жүрек-қантамыр аурулары туындау қаупін азайтады. Велосипед тебу де жүректі нығайтып, қан айналымын жақсартады, оған қоса күйзеліс мөлшерін төмендетеді екен. Аэробика мен фитнес-жаттығумен айналыссаңыз – физикалық белсенділік артып, жүрек-қантамыр жүйесі нығаяды. Сондай-ақ йога аэробты жүктемеге жатпаса да, күйзеліс деңгейін төмендетіп, икемділікті жақсартып, ағзаның жалпы тонусын сақтап тұруға көмектеседі. Бұл да жүрек үшін аса пайдалы.  

Осы спорт түрлерінің қай-қайсысы да жүрек пен жалпы адам денсаулығын айтарлықтай жақсартады. Бұрын спортпен шұғылданбаған болсаңыз – жаттығуды біртіндеп бастаған дұрыс және міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуді ұмытпаңыз.

- ҚР ПІБ МО ауруханасында жүрек аурулары қандай тәсілдермен емделеді?

- Біздің ауруханада кардиологтар, кардиохирургтар, аритмологтар, интервенциялық кардиологтар науқастарға шұғыл көмек көрсетеді. Кардиологтар жүрек-қантамырлары ауруларын диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға маманданған. Біз жүрек ауруларының диагностикасын – электрокардиограмма (ЭКГ), эхокардиография (жүрек УДЗ), стресс-тесттер, холтерлік мониторлау және басқа да диагностикалық тесттер жүргіземіз. Жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, жүрек жеткіліксіздігі және аритмия сияқты ауруларды емдеуге арналған дәрілік терапияны тағайындаймыз. Жүрек-қантамыры ауруларының алдын алу үшін пациенттерге салауатты өмір салтын ұстап, диета және жаттығуларға қатысты кеңес береміз. Созылмалы жүрек ауруы бар науқастарды үнемі бақылауда ұстауға тырысамыз. Операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттерге оңалту жүргіземіз.

Біздің кардиохирургтар жүрек операцияларын – ашық жүрек оталарын, минимал инвазивті процедураларды жасайды. Аритмологтарымыз жүрек ырғағының бұзылуын (аритмия) диагностикалауға және емдеуге маманданған. Олар аритмияны диагностикалау, емдеу, катетерлік абляция, құрылғыны имплантациялау сынды қызметтерді ұсынады.

Көріп отырғандарыңыздай,  ҚР ПІБ МО ауруханасында жүрек ауруын емдейтін дәрігерлердің үлкен тобы бар. Сонымен қатар Аурухана диагностикалау мен емдеуге арналған ең жақсы, алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықталған.

- Жүрек саулығын сақтау үшін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Жүрек үндемей жұмыс істегенімен, оған қамқорлық, күтім керек. Сондықтан әр адамға қарапайым, бірақ маңызды мынадай кеңес берер едім:

  • Күн сайын қозғалысқа уақыт бөліңіз: жаяу жүріп, баспалдақпен көтеріліп-түсіп, таңертең таза ауада серуендеңіз.
  • Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды азайтып, көкөніс пен балықты көбірек тұтыныңыз.
  • Қан қысымыңызды, холестерин мен қандағы қант деңгейін жылына кемінде бір рет тексертіңіз.
  • Темекі мен ішімдіктен бас тарту – жүрекке жасалатын ең үлкен жақсылық.
  • Стресске бой алдырмай, уайыммен өмір сүрудің орнына демалып, тынығуға уақыт табыңыз.

Жүрекке күтім жасау – өз өміріңе, отбасыңа және болашағыңа жасалған қамқорлық, инвестиция!