Елорда жаңалықтары

230 мыңға жуық астаналық МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Елорда тұрғындарының 77 % -ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, бұл елдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Оның ішінде 751 мың адам жеңілдікпен қамтамасыз етілетін санаттарға жатады. Олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Бұл туралы бүгін Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы директоры Гүлжан Шайхыбекова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Гүлжан Шайхыбекованың айтуынша, 230 мыңға жуық қала тұрғыны жүйеде сақтандырылмаған күйінде қалып отыр.

«2024 жылдың шілде айында қалада 754 мың пациентке консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Емханаларға келу саны 6,8 млн, көрсетілген қызметтер саны - 6,9 млн.төлемге ұсынылған жалпы сома 25,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың тамыз айында қала стационарларында жалпы сомасы 18,7 млрд теңгеге 5684 пациентке жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Олар үшін операцияның орташа құны 3,3 млн теңгені құрайды. Қала стационарлары ұсынатын жоғары технологиялық медициналық көмектің ең қымбат түрі «имплантацияланатын көмекші жүрек жүйесін енгізу» екенін ескерсек, оның құны 70 млн теңгеден асады. Қаржыландыру көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 7% - ға өсіп, 2024 жылы 273 млрд теңгені құрады», - деді Гүлжан Шайхыбекова.

Қаржыландыру көлемінің ұлғаюымен жеке медициналық қызмет көрсетушілер саны артып келеді. Түрлі медициналық көмек көрсету процесін жақсарту шеңберінде үш жылға ұзақ мерзімді шарттарды енгізу жоспарлануда. Бұл механизм медициналық көмектің уақтылы және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.