Жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтарға 1 300 грант бөлінеді – Көлгінов
Апта сайын тұрақты түрде азаматтарды қабылдап тұрамыз, аудандарымыз бен елді мекендерімізді аралап, тұрғындармен кездесеміз. Осыған дейін айтқанымдай, қала тұрғындарынан келіп түсетін негізгі сұрақтардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік пәтерлерді салу көлемі едәуір артты, тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты кеңейтілді, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы енгізілді, тұрғын үй сертификатының сомасы ұлғайды және т.б.
Сол сияқты жоғары білім алу да жүйелі мәселелердің бірі болып саналады. Алдағы жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға жалпы саны 1 300 грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал оқуын тәмамдағаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысатын боламыз.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы ұстаздар мен медицина қызметкерлеріне жағдай жасауға және оларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі: жалақы мөлшері артып келеді, біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізіліп жатыр, медициналық және білім беру орталықтарының желісі кеңеюде және т.б., – деп жазды А.Көлгінов.