«17 миллион теңге»: Астаналық Вьетнамға жалған әуе билетін сатып, 70-тен астам адамды алдаған
Астаналық тұрғынның алаяқтық әрекеті салдарынан 70-тен астам азамат арзан билетпен Вьетнамға демалысқа барамын деп, алданып қалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың туристік жолдамалары жойылып, жәбірленушілер айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған.
Кінәлі тұлға әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынып, клиенттеріне оларды арнайы байланыс арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда ол шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс жоқ екенін ұшар алдында, әуежайда бір-ақ білген.
Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар. Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар тек ақшаларынан ғана емес, көптен күткен демалыстарынан да айырылды – төленген қонақүйлер, экскурсиялар және басқа да шығындар өтелмеген.
Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы беріоіп, сотталды.
Келтірілген материалдық шығын сотталғаннан өндірілді.
Астана қаласы Нұра ауданының прокуратурасы туристік қызметтер алу үшін төлем жасамас бұрын құжаттарды мұқият тексерудің қажеттігін ескертеді.