13 жылдан кейінгі жетістік: Астана көкпаршыларына құрмет көрсетілді
Бүгін «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерін, Астана қаласының спортшыларын ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
4-11 қазан аралығында Шымкент қаласында өткен көкпардан ересектер арасындағы ҚР-дың XXIV чемпионатында елордалықтар араға 13 жыл салып, қайта жүлдегерлер қатарына кірді. 15 команда бақ сынаған бәсеке астаналықтар үшін оңай болмады. Олар топтық кезеңде Қостанай облысы мен былтырғы қола жүлдегер әрі фавориттердің қатарына кіретін Түркістан облысын 3:2 есебімен қапы қалдырды. Ал жартылай финалда ел чемпионы – Жамбыл облысына 0:4 есебімен жол берсе, 3-орын үшін өткен кездесуде Қызылорда облысынан 3:2 есебімен басым түскен еді.
Бір қызығы, 2012 жылы Өскемен қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында дәл осы құрам финалда Жамбыл облысын 8:1 есебімен жеңіп, топ жарған болатын. Сол сәтте команда сапынан Арслан Қабжанов 6 салым және Александр Пупенко мен Бауыржан Айтмағамбетов бір-бір салым салған еді.
«16 жасымнан бері көкпармен кәсіби түрде айналысып келемін. 22 жылдың ішінде Қазақстан чемпионы және әлем чемпионы атанып та үлгердім. Көкпарда нәтижеге жетуде шабандоз мен аттың дайындығы өте маңызды. Біз әмбебап Қостанай жылқысымен сынға түстік. Тынымсыз еңбек пен тәжірибенің арқасында қола жүлдеге ие болдық. Әрине, оңай емес. Көкпардан тізе, бел, арқадан жарақат алу қаупі де жоғары. Кәсіби спортшылардың өзіндік жарақаттары бар», - деді Астана қаласының үздік шабуылшыларының бірі Александр Пупенко.
Астана қаласының көкпардағы жетістігіне себеп болған жайт – «Саян» атты аттың да болуы. Дәл осы ат чемпионаттың үздік жекпе-жек аты болып танылды. Сонымен қатар командада жасы 50-ге тақап қалған Қазбек Амангельдиновтің да тәжірибесі үлкен рөл ойнады.
«Жігіттердің дайындығы мен күштерінің арқасында жүлдеге қол жеткіздік. Команда мүшелерінің көпшілігі - ұзақ уақыттан бері көкпар ойнап жүрген жандар. Олардың қатарына 4 жас шабандозды қостық. Біздің жетістікке жетуімізге ықпал еткен факторлардың бірі - Cолтүстік Қазақстан өңірі үшін ұйымдастырылған арнайы лига. Былтыр дәл осы жарыстың арқасында Астана қаласының құрамасын жасақтаған едік. Енді осы жетістікке тоқмейілсімейміз. Қайта дайындыққа кірісіп, бұдан да жоғары жетістікке жеткіміз келеді», - деп Астана қаласының көкпардан жаттықтырушысы Ерлан Қанапин ойын бөлісті.
Айта кетейік, Астана құрамасы Қазақстан чемппионатында қола жүлдеге ие болғаны үшін 2 250 000 теңге сыйақыға ие болды.