«13 күннің ішінде бухгалтерлік есеп негіздерін үйрендік» – Joltap жобасына қатысушы
Астанада тұрғындардың кәсіби дамуына және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беретін Joltap жобасы жалғасып жатыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып жатқан елордалық студент Ақбота Файзулла Joltap жобаcы бойынша «Бухгалтерлік есеп негіздері» курсын тамамдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ақбота Файзулланың айтуынша, 13 күнге созылған курс қажетті техникамен және құралдармен жабдықталған заманауи кабинетте өткен.
«Осы жоба бойынша «Бухгалтерлік есеп негіздері» курсының 80-тобында білім алдым. Курста 13 күннің ішінде бухгалтерлік есеп негіздері бойынша барлық ақпараттарды алдым. Сонымен қатар есепші деген кім, оның қандай қызметтері бар, қандай міндеттері бар және ол қызметтерді қалай орындайтыны жайлы талдадық. Жай ғана талдап қана қоймай, болашаққа сараптау жасай отырып, замануи білім ала алдым деп айта аламын. Бұл курс білімімді үстеді, болашақта көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Сол себепті Joltap бағдарламасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жылы атмосферада қажетті білімді ұсына алған оқытушыларға рақметімді айтамын», - дейді жоба қатысушысы.
Ақбота «Бухгалтерлік есеп негіздері» курсынан өтіп, оқу барысында есеп құрастыруды, салық жүйесінің жұмысын және есептің практикалық бөлігін түсініп алғанын айтады. Енді ол жаңа дағдыларын оқуында, әрі болашақ мамандығында қолдануға дайын.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.