Елордалық балаларға — тегін үйірмелер: грант алған волонтерлік жобалар қорытындыланды
Бүгін Нұр-Сұлтандағы “Bilim All” оқу орталығында аталмыш жобалар қорытындыланды.Бір қызығы, волонтерлік жобалардың авторлары көбіне мұндай байқауларға бұрын-соңды қатысып көрмеген екен.Іс-шара соңында балалар ұстаздары ұйымдастырған музыкалық кештің куәсі болып қайтты.
-->
Бүгін Нұр-Сұлтандағы “Bilim All” оқу орталығында аталмыш жобалар қорытындыланды.
“Волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған шағын гранттар байқауы екінші рет өткізіліп отыр. Байқау шілде айында ұйымдастырылған болатын. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы елордалық жас қатысты. Байқауға келіп түскен 50 шақты өтінімнен 20-сы жеңімпаз атанып, олардың әрқайсысын жүзеге асыруға 300 мың теңге берілді. Грант ұтқан волонтерлік жобалар әр бағытқа арналған. Мәселен, олардың ішінде экология, қайырымдылық, үйсіз жануарларды қорғау, білім секілді салалаларға арналған волонтерлік жобалар бар”, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ажар Сарбубенова.Бір қызығы, волонтерлік жобалардың авторлары көбіне мұндай байқауларға бұрын-соңды қатысып көрмеген екен.
“Мен волонтерлік жобалар байқауының өтетінін тәлімгерлерімнен естідім. Көп ойланбай бағымды сынап көргім келді. Бұл менің осы сынды байқауға алғаш қатысуым. Өзім шахматты тәуір ойнаймын. Неге басқа балаларға осы өнерімді үйретіп көрмеске деген ой келді. Грант иеленген соң бір ай бойы осы орталықта балаларға шахматтың қыр-сырын үйреттім”, - дейді байқау жеңімпаздарының бірі, елордадағы №10 мектептің 10-сынып оқушысы Сұлтан Құрманов.Іс-шара соңында балалар ұстаздары ұйымдастырған музыкалық кештің куәсі болып қайтты.